14 мау, 2022 сағат 15:58

Қырғызстан Ресейге 25 сотық жерін 49 жылға жалға бермек


Қырғызстан Ресейге Бішкектен 25 сотық жерді 49 жылға жалға бермекші. Бұл туралы келісімді 13 маусымда ел парламенті – Жогорку кеңештің халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік және көші-қон комитеті мақұлдады, деп хабарлайды Азаттық.

Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі қордың төрағасы Мирлан Бакиров келтірген деректер бойынша, Бішкектегі Жібек жолы даңғылы мен Керімбеков көшесіндегі екі жер теліміне Ресей федералдық шекара қызметіне (ФПС) арналған ғимараттар мен өзге де нысандар салынбақ. Бұрын "Глобал Инвест" ашық акционерлік қоғамына тиесілі болып келген бұл жер телімдерін ФПС жеке тұлғадан сатып алған. Ресей тарабы Қырғызстан билігінен жылжымайтын мүлікке иелігін заңдастырып беруді өтінген.

"Олар жеке тұлғалармен келісім жасап, мүлікті алған. Қырғызстан енді бұл жер телімдерін кадастрге тіркеп, оларға мемлекеттік мәртебе беріп, ұзақ мерзімге жалға береді, ал мүлік [Ресейдің] жеке меншігіне айналады" деп түсіндірді Мирлан Бакиров.

Оның сөзінше, 1999 жылы Қырғызстан мен Ресей арасында шекара қызметтерінің ынтымақтастығы туралы келісім жасалған. Осы құжатқа сәйкес, Қырғызстан ресейліктерге Шу облысы Новопокровка ауылындағы ғимаратты шекарашылардың пайдалануына берген. Бірақ онда қажет жағдай болмағандықтан, Ресей федералдық шекара қызметі Бішкектегі Жібек жолы даңғылы мен Керімбеков көшесінен екі жер телімін сатып алған.

Комитеттегі жиын кезінде Жогорку кеңеш депутаты Чолпон Султанбекова Қырғызстанда шет мемлекеттің әскери қызметкерлеріне мүлік беру қауіпті екенін айтты.

Қазір Ресей Қазақстаннан 2050 жылға дейін жалға алған Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағын пайдаланып отыр. Байқоңыр қаласы 2050 жылға дейін Ресейдің федералдық маңызы бар қаласы саналады. Биыл 10 наурызда Ресей күштері Украинаға басып кіргеннен кейін интернетте Байқоңырды Қазақстанға қайтаруды талап еткен онлайн петиция жарияланған.