Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында жүздеген көлік өте алмай тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Көліктер Қырғызстанның “Ақ тілек” пен “Кен-Булун” шекара бекеттерінде тұр. Бірінші бекетте 43 көлік тұрса, екінші бекетте 60-қа жуық көлік шекараның келесі бетіне өте алмай тұр. Олардың ішінде Қырғызстанның да, Қазақстанның да көліктері бар.
Қырғызстанның Шекара қызметі көліктердің жиналып қалуының себебін туристік маусымның басталуымен және коронавирусқа қарсы шектеулердің алынып тасталуымен байланыстырып отыр.
Көліктерді кедергісіз өткізу үшін барлық шараны ойластырып жатырмыз. Жүк көліктерінің жүргізушілеріне ескерту-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар бос бекеттерге жөнелтіледі, - деді Қырғызстанның Шекара қызметі.
Сондай-ақ кезекті жанар-жағар май тасымалдайтын жеңіл көліктер де жасап тұр. Ал коронавирустық шектеулер алынып тасталған соң, екі елдің азаматтары көліктерімен демалыс орындарына бара жатыр. Осыған дейін шекараны жеке көлікпен кесіп өтуге шектеу қойылған болатын.