13 қыр, 2024 сағат 21:22

Қырғыз көкпаршысына ҰҚК қысым жасады ма - ҰҚК жауап берді


Фото:WNG2024 telegram
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде Қырғызстан көкпаршыларының жетекшісі Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) тарапынан құжаттарын талап етіп, оларға қысым көрсетілгенін мәлімдеген еді. Алайда Қазақстанның ҰҚК бұл айыптауларды жоққа шығарып, ешқандай заңсыз әрекет жасалмағанын хабарлады, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

"2024 жылғы 12 қыркүйекте БАҚ-та және әлеуметтік желілерде Қырғызстан құрамасының көкпар ойыншысына ҰҚК қызметкері қысым көрсеткені туралы ақпарат таралды. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. ҰҚК қызметкерлері 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысқан жоқ. Тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз", -делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қырғыз көкпаршыларының жетекшісі Ерлан Әбдіғаппаров Астанада өтіп жатқан бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жарыстың қорытындысына қатысты өз наразылығын білдірді. Оның айтуынша, ойын барысында әділетсіздік болған, әсіресе Қазақстан көкпаршыларының пайдасына шешімдер қабылданған. Әбдіғаппаров ойын кезінде қырғыз командасына қысым жасалғанын, төрешілердің шешімдері мен Қазақстан командасының әрекеттері әділетсіз болғанын алға тартқан.

Әбдіғаппаровтың сөзінше, Қырғызстан командасы жарыс кезінде 3:1 есебімен алда болған, алайда төрешілердің шешімдерімен Қазақстан көкпаршыларына төрт салым салдырылған. Сондай-ақ, ол ойын барысында төрешілер ысқырып, қарсыластардың артықшылықтарына мүмкіндік бергенін мәлімдеген.