10 қаң, 2021 сағат 13:55

Квота бөлінді екен деп әйелдердің бәрі саясатқа бет бұрмайды – сарапшы

Sailau Talks-2021 шарасында сарапшылар алғаш рет партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастарға 30%-дық міндетті квота қаралғанына және әйелдердің саяси процестерге қатысуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздегі халықтың 51% – әйелдер болса, 21% – жастар. Сайлау нәтижесі шыққаннан кейін партия әйелдер мен балалардың мүддесін қорғайтын өкілдерді таныстыратын болады деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың басында саяси реформалардың екінші пакеті қабылданатынын айтты. Сол кезде не болатынын көреміз. Біз алдымен шара қабылдаймыз, сосын ол қалай жүзеге асқанын байылаймыз, яғни эволюциялық жолды жүріп өтеміз. Бұл – өте жақсы шешім», - дейді саясаттанушы Жұлдызай Ысқақова.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Алуа Жолдыбалинаның айтуынша, 30% квота бөлінді екен деп барлық әйел саясатқа жүгірмейді. 

«Кейбір әйел отбасылық өмірін ғана таңдаса, енді бірі саясатқа араласқысы келеді. 30%-дық квота – уақытша іс-шара шығар. Бұл – әйелдердің саясаттағы белсенділігін арттыру шарасы. Көп мемлекет осындай квотаны уақытша енгізіп, кейін бас тартады. Жалпы отбасын да, жұмысын да қатар алып жүріп, барлығына үлгеруге тырысатын әйелдер болады. 30% квотаны қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге әйелдердің атсалысуының бір механизмі ретінде қарау керек», - дейді ол.