03 там, 2020 сағат 13:53

КВИ-дің ауыр түрінде өкпе ғана емес ми, бауыр және бүйрек зақымданады – пульмонолог

Пульмонолог дәрігер Саттар Ералиев ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында пневмонияның анықтамасына тоқталып, одан қалай сақтану керектігі жөнінде кеңес берді.

- Саттар Молыбекұлы, оқырмандарымызға түсінікті болсын, ең алдымен пневмония мен коронавирустың ара жігін ажыратып берсеңіз?

– Адам өкпесі ауа ауысатын альвеолалар мен өкпе каркасын құрайтын дәнекер тіндерден тұрады. Коронавирус пневмониясында вирус осы дәнекер тіндерді қабындырады. Егер науқаста өкпенің 30-40 пайызы қабынса да тыныс алу жеткіліксіздігі болмайды. Ал бактериялық немесе кәдімгі пневмонияда альвеол қабынады да науқас бірден ентігу басталады. Біз қорқатын вирустық пневмониялар өкпенің 60-70 пайыз және одан көп бөлігінде қабынғанда басталады. Ол ауа жетіспеуіне пневмония асқынуы (тромбоз, васкулит, жедел респираторлық дистресс синдромы, цитокин шок) қосылады.

– Қазір адамдар «пневмония» диагнозынан қорқады, одан қалай сақтануға болады?

– Пневмониядан емес, коронавирус инфекциясынан (КВИ) сақтану керек. КВИ-мен ауырған әрбір науқастың өкпесінің 80% зақымданады, яғни пневмония КВИ-дің асқынуы емес, ол осы аурудың ең көп кездесетін көрінісі.

– Коронавирустан емделіп шыққан адамдарға неге баса назар аударған жөн?

– КВИ-дің ауыр түрлерінде өкпе ғана емес, ми және вегетативті нервтер, бауыр және ұйқы безі, бүйрек зақымданады. Қазір министрліктің тапсырмасы бойынша, жергілікті емханаларда реабилитациялық бөлімшелер құрылып жатыр. Сол жерде барып кеңес алған дұрыс. КВИ-дан кейін иммунитет төмендейді. Сондықтан қазан айында тұмауға қарсы вакцина салдырған дұрыс. Жасы келген кісілер (65-тен асқан), диабетпен, өкпенің созылмалы обструктивті ауруымен ауыратын кісілерге пневмококк инфекциясына қарсы вакцина салдырған жөн.

– Кейбір дереккөздерге сүйенсек, үлкендерге қарағанда, аталған індетке балалардың ағзасы төтеп бере алады екен. Бұл қаншалықты рас ?

- Бақытымызға орай, балалар КВИ-ге аз шалдығады және жеңіл ауырады, бірақ үйдегі жасы келген кісілер немесе басқада қауіп-қатер тобына кіретін адамдарға жұқтырып, олар қатты ауыруы мүмкін. Жеңіл өтеді дегенмен, иммундық аурулары бар балалар үшін қауіпті болуы мүмкін. Осыны естен шығармаған жөн.

– Пульмонолог–дәрігер ретінде қандай кеңес берер едіңіз?

– «КВИ-дің жеңіл түрімен ауырған кісілерде КВИ-ға қарсы иммунитет пайда болмайды»,– деген ақпарат пайда болды немесе «ауырғаннан кейінгі пайда болған иммунитет тек 3-6 айға созылады»,– дейді ғылыми зерттеушілер, сондықтан әрқашан әлеуметтік арақашықтықты сақтап, маска киіп жүрген дұрыс.

– Қабынған өкпені қайта қалпына келтіруге қанша уақыт кетеді?

– КВИ жеңіл түрінде де пневмония болуы мүмкін, егер рентгенге түспесе білмейді де. Алайда, оған бола рентгенге не компьютер томографиясына түсудің керегі жоқ. Бұл вирусқа қарсы ем жоқ. Коронавирус пневмонияда адам ағзасы ауруды жеңген кезде, өзі өкпені біртіндеп толық қалпына келтіреді. Оған 3-6 ай кейде одан да ұзақ уақыт кетуі мүмкін. Ол өкпенің зақымданған аумағы мен науқас ағзасынын ерекшеліктеріне байланысты. 

– Әңгімеңізге рақмет!