30 нау, 2021 сағат 05:28

Күзде елімізде бірінші сыныптарға 340 мыңнан астам бала барады - Шолпан Каринова

Алдағы оқу жылында елімізде бірінші сыныптарға 340 мыңнан астам бала барады. Осындай болжамды ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бірінші сыныпқа балалардың құжаттарын қабылдау 1 сәуірден басталады. Мектепке алты жасар балалар мен ағымдағы күнтізбелік жылы 6 жасқа толатын балалар қабылданады. 

Айта кету керек, баланың жасы 1 қыркүйек айы жағдайына толық 6 жасқа толған болса, барлық бала қабылданады. Ал жасы толық 6-ға толмаған балалардың (олардың жасы үстіміздегі жылы 1 қыркүйектен кейін толатын болса) тек ата-аналары немесе басқа заңды тұлғалары қалаған жағдайда мектепке бару мүмкіндігі бар», деп жазды Шолпан Каринова Facebook-тегі парақшасында. 

Айта кетерлігі, мектепке құжаттар «электронды үкімет» веб-порталы арқылы электронды нысанда жіберіледі. 

Оның айтуынша, ережеге сәйкес 1-сыныпқа қабылдау кезінде алдымен қызмет көрсету аумағынан өтініш (тіркелу орны бойынша) білдірген үш үміткер, содан кейін басқа аумақтан бір үміткер қабылданады. 

«Білім беру ұйымы міндетті көрсетілген тізбеден тыс құжаттарды тапсыруды өтініш берушіден (Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы № 564 бұйрығы) талап етуге құқығы жоқ. 

Ата-аналар электронды форматта өтініш, туу туралы куәлік көшірмесін, баланың денсаулығы паспорты, денсаулық жағдайы туралы № 063/у нысанындағы анықтама және 2 фотосурет тапсырады. Гимназия, лицейлерден басқа мектептердің барлығы балаларды мектепке еш түсу емтиханысыз қабылдайды. 2021-2022 оқу жылында республика бойынша бірінші сынып оқушыларының болжамды контингенті 340 мыңнан асады деп күтілуде», - деді Шолпан Каринова.