Биылғы 9 айда күйеуінен зәбір көрген 100 мыңнан астам әйел полицияға қоңырау шалды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен есептік кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қою үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын жеткізді.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық – халықты толғандырып отырған ең негізгі мәселелердің бірі. Осы туралы Мемлекет басшысы Жолдауында да айтып, бізге нақты тапсырмалар берді. Пандемия кезінде үйдегі осындай фактілер одан сайын көбейіп кеткен болатын. Кейбір белсенділер бұл құқық бұзушылықты қылмыс санатына жатқызу керектігін айтып жатыр. Бірақ өткенге көз жүгіртсек, бұған дейін қылмыс қатарына қосқан кезіміз болды. Кейін қайтадан құқық бұзушылық санатына ауыстырған едік. Сондықтан мәселені шешудің басқа жолын қарастырған жөн», - деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, қазір тұрмыстық зорлық-зомбылықты барынша азайтуға ден қойылуда. Дегенмен бірқатар кедергі бар. Осы жылдың 9 айында Қазақстанда «102» арнасына үйде күйеуінен зәбір көріп жатқанын айтып 100 мыңнан астам әйел хабарласқан.
«Полиция қызметкерлері бірден оқиға орындарына барды. Алайда әйелдердің 62 пайызы жұбайының үстінен арыз жазудан бас тартқан. Соның салдарынан сақшылар тек түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ешқандай шара қолдана алмады. Арнайы талдау жүргізе келе, біз бірқатар шешімге келдік. Арызсыз-ақ жауапқа тарту құқығын енгізу керек. Яғни, егер әйелін ұрып-соққан факті анықталса, онда күйеуін заң шеңберінде жазалау қажет. Ал егер бұрынғыдай бола берсе, өзін жазасыз сезінген еркек күш көрсетуін доғармайды», - деді Марат Ахметжанов.