03 нау, 2020 сағат 12:23

Құрылысшылар одағы тұрғын үй бағасын арзандату жолдарын ұсынды

Қазақстанның Құрылысшылар одағының өкілдері баспана сатудағы өзекті мәселелерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде баспана жетіспеушілігінің өзекті мәселе болып отырғаны баршаға аян. Баспананың қымбат болуынан халықтың үй алуға қаражаты жетпейді. Мемлекет «7-20-25», «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» сынды бағдарламалар әзірледі. Бірақ, бұл бағдарламалар халықтың мұқтаж бөлігін қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған санатқа кірмейтін тұрғындар баспана алуда қиналады», - деді Қазақстанның Құрылысшылар одағы Сараптама бөлімінің басшысы Әсем Нүкенова елордада өткен жиында.

Сонымен бірге, Одақ өкілі баспананың қымбаттап, халықтың сатып алу қабілетінің төмендеп бара жатқанын жеткізді.

«Инженерлік инфрақұрылым мен үйлердің ішкі абаттануы бойынша міндеттемелер құрылысшыға берілген. Одан бөлек, көлік тұрақтарын салу да баспананың қымбаттауына ықпал етеді. Ал мемлекет, яғни Құрылыс істері комитеті үй салушының құрылыс материалдарын отандық өндірушілерден алуын талап етіп отыр. Импорттық тауарлардың бағасы да арзан, сапасы да жақсырақ екені белгілі. Онсыз да халықтың төлем қабілеті жылдан-жылға төмендеп келеді. Салдарынан, халықтың баспана деген сұранысын өтей алмаймыз», - деді Ә. Нүкенова.

Оның айтуынша, құрылыс саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті арттыру мәселені шешуге көмектеседі.

«Әзірге әлеуметтік бағдарламалар аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестік бар. Егер мемлекетті барлық құрылыс саласына қосар болсақ, баспана бағасы арзандап, халықтың сатып алу төлемі артар еді. Үй салушылар алыпсатардың араласуынсыз-ақ құрылыс материалдарын сатып алуы үшін бірыңғай онлайн-ресурс құруды ұсынамыз. Үй салу комбинаттарына тұрақты жүктеме беріп, қолжетімді баспана құрылысы бойынша ұзақ мерзімді келісімшарт бекітуге болады. Одан бөлек, Құрылыс істері комитеті үй салушыларды тек қана отандық материалдарды сатып алуын міндеттейтін заң жобасын әзірлеп жатыр. Олардың материалы қымбат болғандықтан, Құрылысшылар одағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мемлекеттің құрылыс материалдын сатып алуға 20-30% мөлшерде субсидия бөлгенін қалайды», - деді Әсем Нүкенова.