2025 жылға қарай Құрылыс материалдарының импорт үлесін 42-ден 27 пайызға дейін азайтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлемде инфляция деңгейінің жоғары болуына және құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты Үкімет әкімдіктермен бірге отандық құрылыс материалдарының өндірісін дамыту бойынша нақты шараларды іске асырып жатыр. Биылғы жылы құны 76 млрд теңге болатын құрылыс материалдарын өндіру бойынша 34 ірі жоба іске асырылды, 2,2 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Осындай шаралардың аясында құрылыс материалдары өндірісінде жоғары серпін байқалып отыр», - деді А. Мамин.
Оның айтуынша, 11 айдың қорытындысы бойынша өсім 9,2 пайызды құрады.
«Нарықты қолжетімді отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға қарай құны 1 трлн теңгеден асатын құрылыс индустриясының 165 жаңа жобасы іске асырылады. Кеңінен қолданылатын құрылыс материалдарының өндірісі ұйымдастырылады, оның ішінде шыны, керамика тақташалар, санфаянс, қасбет және жылу сақтайтын материалдар және тағы басқа. Бұл 2025 жылға қарай импорт үлесін 42-ден 27 пайызға дейін азайтады. Жаңа өндірістер құру және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту құрылыс материалдарының қолжетімділігін қамтамасыз етеді және жалпы импорт үлесін азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы бұл жұмысты белсенді түрде жалғастыру қажет», - деді Үкімет басшысы.