Сенатор Ақылбек Күрішбаев өзінің депутаттық сауалында Үкіметтің ауыл проблемаларын шешу жөніндегі жұмысын сынға алып, ауылдың өзекті проблемаларына Премьер-Министрдің назарын аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қазір елімізде ауыл тұрғындары әлеуметтік ең нашар жағдайда қалып отыр. Оның үстіне, олардың көпшілігі статистиканың салыстырмалы түрде жақсы көрсеткіштеріне қарамастан «шын мәнінде тіршілік етуге» мәжбүр.
«Статистика деректері бойынша ауылдағы жұмыссыздар саны - 181 мың адам немесе 4,7 пайыз. Бірақ, іс жүзінде жұмыссыздық халықтың бағын ашпас соры болды. Біз еліміздің барлық аудандарында ауыл тұрғындары арасында арнайы әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Олардың басым көпшілігі жұмыстың жоқтығын «басты мәселе» деп атады. Осы сауалнамада көрсеткендей, ауыл тұрғындарының нақты табысы айына 35 мың теңгені құрайды. Мұндай ақшаға қалай күн көруге болады?», – деді Ақылбек Күрішбаев Сенаттың жалпы отырысында.
Сенатор жұмыссыздық салдары тағы бір проблеманы туғызып отырғанын айтып, бүгінде ауыл халқының қалаларға кету динамикасының артып отырғанын тілге тиек етті.
«Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, еңбекке қабілетті халықтың 41 пайызы ауылдардан қалаға көшуді қалайды. Әрине, урбанизацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті, бірақ оны басқару керек қой. Жақын маңдағы ауылдардан бір сәтте халықтың жаппай көші-қоны басталса, біздің қалаларымызда не болмақ? Егер ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін ешкім қалмаса, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Шекаралас аудандар қалай қорғалмақ?», – деді ол.
Депутат бұл мәселе еліміз үшін тек экономикалық қана емес, сонымен қатар саяси және стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Сондықтан Ақылбек Күрішбаев Үкіметтің ауылдарды дамытуға неге тиісті көңіл бөлмегеніне және сенаторлардың Парламенттік тыңдауда берген ұсыныстарының негізгі тармақтарын әлі де орындамағанына назар аударды. Сонымен қатар қазақстандық ауылды дамытуға ірі ауыл шаруашылығы компаниялары белсенді үлес қосуы тиіс екенін айтты.