26 мау, 2023 сағат 14:53

Құрбан шалу үшін қарыз алуға бола ма - мүфтият өкілінің жауабы

Фото: aikyn.kz

Құрбан айт күндері жағдайы келмейтін адамдарға қарыз алып құрбандық шалу міндет емес. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қарыз алып құрбан шалу міндет емес. Өйткені құрбан шалу үшін адамның жағдайы болуы керек. Мүмкіндігі бар адам ғана құрбан шалғаны жөн. Ал жағдайы болмаса, қарызданып құрбан шалудың қажеті жоқ.

Алайда құрбан шалудың сауабынан құр қалмайын, мен де құрбан шалайын деген мақсатта қарыз алса, ол болады. Бірақ шамасына қарауы керек», - деді Мансұров орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сондай-ақ мүфтият өкілі құрбан шалмай, оның ақшасын садақа ретінде беруге болмайтынын атап өтті.

"Құрбандық кезінде құрбан шалудағы мақсат – қан ағызу. Үш күн ішінде құрбан шалуымыз міндет, оның орнына садақа етіп бере алмаймыз. Садақа ретінде құрбандық қаражаты жүрмейді", - деді Мансұров.

Ол зұлхижжа айының қасиетті күндері қосымша садақа беріле беретінін де айтты.

"Алайда Құрбан айт кезінде құрбандық ақшасын садақа ретінде бере алмаймыз. Шамамыз келсе, құрбандыққа мал шалу - ол уәжіп", - деп түсіндірді бөлім меңгерушісі.

Айта кетері, биыл қасиетті Құрбан айттың алғашқы күні 28 маусымға түсіп тұр.