Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мамандарға QazСovid-in вакцинасы халықты жаңа мутациялардан қалай қорғайды деген сауал қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БАҚ өкілінің сауалына жауап берген Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья отандық өнімді британдық және оңтүстікафрикалық штамдарға қарсы сынау басталғанын жеткізді.
«Алматы қаласындағы науқастардың патологиялық материалдарын алған болатынбыз. Қазір зертханада зерттеу жүргізіп жатырмыз. Бүгінге дейін біздің ғалымдар британдық штамды да, оңтүстікафрикалық штамды да бөліп шығарды. Айтпақшы, біз патологиялық материалды 19 наурызда ғана алған болатынбыз. Осындай қысқа уақытта штамдарды бөліп шығардық. Қазір осы штамдардың генетикалық, биологиялық қасиеттері зерттеліп жатыр. Ол бізге келешекте вакцинаның әлдеқайда жетілдірілген түрілерін жасайтын технологияға пайдалану үшін керек. Бұл технология ұзақ уақыт жүреді. Қазір бір соны бастап кеттік», - дейді ғалым.
Ол сондай-ақ, отандық вакцинаның құрамында вирустың барлық ақуызы бар екенін мәлім етті. Ал нанотехнология бойынша жасалған вакциналарда вирустың бір бөлшегі ғана алынған.
«QazСovid-in вакцинасы тұтас вирустан жасалғанын түсіну керек. Оның құрамында вирустың ақуыздарының толық жиынтығы бар. Осының арқасында иммунитет қалыптастыру аясы өте кең. Қазір белгілі болған, кейін пайда болуы мүмкін штамдардың барлығына қарсы тиімді», - деді институт директоры.