27 сәу, 2020 сағат 10:23

Күннің жылынуы мен карантиннен шаршағандық жауапсыздыққа себеп болмауға тиіс – Мемлекет басшысы

Карантин режимі бұзылса, коронавирусқа шалдыққандардың саны күрт көбейіп кетуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде аталып өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Халқымызда «Төзім тілекке жеткізеді» деген мақал бар. Сондықтан сабыр сақтайық. Күннің жылынуы мен карантиннен шаршағандық жауапсыздыққа себеп болмауға тиіс. Карантин режимі бұзылса, коронавирусқа шалдыққандардың саны күрт көбейіп кетуі мүмкін. Әсіресе, созылмалы ауруы бар және егде адамдар ерекше сақ болуы керек. Тіпті, кішкентай балалар да ауру жұқтыруы мүмкін екенін байқадық. Сондықтан олардың денсаулығына бей-жай қарауға болмайды», - деді Мемлекет басшысы. 

Осы орайда Президент әзірге бұл вирустың вакцинасы жоқ екенін еске салды. 

«Карантин шараларын қатаң ұстансақ қана індеттен құтыламыз. Аса қажеттілік болмаса, ешқайда шықпай, үйде отырыңыздар. Бұл, әсіресе, қазіргі қасиетті Рамазан айында өте маңызды. Осы кезеңнің де асыл мұраты – шыдам мен төзім, сабыр мен қанағат екенін білесіздер. Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Оразада бірқатар рәсімнен тартынуды ұсынды. Сондықтан осындай уақытта ауызашардың өзін көпшілікпен бірге өткізе алмайтынымыз белгілі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.