Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театрында «Роза Бағланова» мюзиклы өтті, деп хабарлайды Ult.kz «Қазақконцерт» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мюзикл талант пен Отанға деген сүйіспеншіліктің символына айналған күміс көмей әншінің тағдыры туралы сыр шертеді. Көрерменнің жоғары бағасын алған сәтті қойылым КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы Роза Бағлановаға арналған. Бұл қойылым Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында өткен XVII Халықаралық мюзикл фестивалінде «Үздік халықаралық мюзикл» және «Үздік әйел бейнесі» атты екі беделді марапатқа ие болды.
Мюзиклдың әрбір көрінісі - әнші өмірбаянының тек эпизоды ғана емес, шексіз таланты, мықты рухы және Отанға деген шексіз махаббаты көрініс тапқан шынайы эмоциялар.
Көрермен тек әншінің шығармашылық жолының жарқын тұстарын ғана емес, сонымен қатар майдан күндері, шығармашылық жетістіктері мен өнерге деген жанқиярлық қызметіне куә болады. Театр әртістері үнімен миллиондаған жанның жүрегінен орын тапқан, ең қиын сәттерде үміт сыйлаған аты аңызға айналған әншінің бейнесін әсерлі музыкалық нөмірлер, жүрек тебірентер монологтар мен кербез хореография арқылы жеткізеді.
Басты рөлдерде: Роза Бағланова – Зарина Макина, Ыдырыс (Роза Бағланованың інісі) – Асхат Байтлеу. Қоюшы-режиссеры – «Astana Musical» мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі - Есләм Нұртазин. Композиторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Артур Оренбургский. Қойылымның авторлары – Ефрат Шарипов, Шыңғыс Маман, Айдын Сахаман және Әннәс Бағдат.
