28 қыр, 2016 сағат 12:24

Құмалақ - қазақтың коды емес!


«Қазақия» газетінің (№13(71) 1 сәуір 2015ж) санында заңгер Нақыпбек Сәдуақасовтың «Ежелгі ойынды «Тоғызтүйнек» аталық» атты мақаласы шығып, аталы ойынымыздың көптен бері ойда жүрген мәселенің қышыма тұсынан дәл түсіпті. Бұл мәселе соңғы кезде жиі көтеріліп жүр, алайда осы ойынды дамытуға үлкен үлес қосқан аға ұрпақ бұған үзілді-кесілді қарсылық танытып келеді. Бірақ мұндай мәселені дуалы ауызбен болмаса беделді адамның бір ауыз сөзімен тұқыртуға болмайды. Өйткені, бұл ғылыми және қоғамдық объекті болумен бірге ұлттық құндылық екені мәлім. Ал ұлттық құндылықтың тағдырын жекелеген адамдардың немесе топтың пайымы шешпейді, ғылыми дәйекке негізделіп, уақыт талабына сәйкес сарапталып барып шешіледі.

Әрине, мақала авторы ойын атауына психолингвистикалық жағынан келіп, оның бұрыстығын шығарып отыр. Бірақ қалыптасқан атауды ойдан шығарылған тіркеспен «тоғызтүйнек» дей салу аса даулы әрі жүзеге асыру қиын жайт. Десек те, әңгіменің орынды жағы бар. Сонымен ойынның кәзіргі атауының ерсілігі қаншалықты өзекті?

Біріншіден, этнолингистикалық тараптан өзекті. Бұған Н.Сәдуақасовтың «...бұл ойынның аталуы «жириновскилердің» құлағына тисе болды, анекдотқа ілігетініміз айқын» дегенінде үлкен негіз бар. Бұл пікірді одан әрі таратып керек емес,түсінікті.

Екіншіден, психолингвистикалық тараптан өзекті. Бұған аракідік жиналғанда, «құмалақ» сөзін күлкіге айналдырып, балалардың өзара мырс-мырс күлетінін, оларды өзге ойнамайтын балалардың мазақтайтынын өңірлердегі бас бапкерлерден естіп жүрміз. Бұған орысша қалыптасып келе жатқан тоғызқұмалақшыларды «кумалашники» дейтін орысшасының өзі-ақ айтып тұр. Қысқасы, өспірімдерді атаумен шошытуға негіз қалыптасқалы қашан. Тіпті, «тоғызқұмалақ» деген шұбатылған ойын атауының бала түгілі өзге жұрттың тілі зорға келетінін ескермей қоя тұралық.

Үшіншіден, атаудың ортақ нұсқасы қалыптаспаған онимдік тараптан өзекті. Бұл ойынға негізгі мұрагер болып келген қазақ пен қырғыз екі түрлі: қазақ – тоғызқұмалақ, ал қырғыз – тоғызкоргоол атайды. Сөйтіп, өзге жұрт түгілі екі халықтың өздері екі жаққа тартып отыр...

Төртіншіден, тарихи тараптан алғанда өзекті. Алтай, қарақалпақ, қазақ, қырғыз, тыва халықтарында сақталған бұл ойынды әлі күнге бірегейлеу болмағандықтан, оны әлемге түрлі атаумен тартқылап тарату қиынға түседі әрі басқа жұртты былай қойғанда, «құмалаққа» түркі халықтарының өздері қызықпас еді. Егер біз бұл ойынды аталған бес халықтың емес, барша түркілердің ойыны десек, оны тарату әп сәтте жүреді. Және бұл абырой ойынды сақтап келген төрт халыққа бірдей болмақ. Ол үшін түркілерге ортақ өзекті атау қажет.

Бесіншіден, пиар саласынан қарағанда өзекті. Тоғызқұмалақтың әлемге таралуына оның атауымен қоса жүретін «қара пиары» кедергі болады. Әрбір сұраған жұртқа баламасын «бараний помет» десек, қандай күлкіге «кенелетінімізді» шетке шыққан ойыншылардың өзі-ақ айтып жүр.

Мәселені шешудің байыбы. Шынтуайтына келгенде, біз мәселені қолдан жасап жүрміз. Дәлірек айтсақ, бұл ойынның нашар зерттелу кесірінен ХІХ ғасырдың 70-жылдарына дейін қалай аталғанын да білмей келгенбіз.

Құмалақ – кейбір азаматтар айтқандай «ұлттың коды» емес, оның құлдық коды. Қазақтың гендік те, ұлттық та коды – алтымыңжылдық тарихы мен Ботай мәдениетін қалдырған – жылқы!  Біз бодан болған күннен бастап жылқы-кодтан ажырап, пышыраған құмалақ-кодты тұтынуға көштік. Ондай жалған кодтан ажырау егемен болған елдің ең бірінші шаруасы болуы керек. Украиндардың барлық советтік көше атауын аластап жатуы содан.

Ойын сонда қалай аталған? Тоғызқұмалақ ойынын байқап алғаш рет тарихта хатқа түсірген патшалық Ресейге қарасты қырғыздың Тоқмақ қаласын басқарған, жергілікті халықтардың тұрмыс-тіршілігін бақылап зерделеген этнограф Г.С. Загряжский өзінің «Тогуз-ад (казахская игра атты шағын сипаттамасын 1874 жылғы «Туркменские ведомости» жаршысының №29 санында «Быт кочевого населения долин Чу и Сыр-Дарьи» атты көлемді еңбегінің аясында келтіріп өткен. Осы еңбек арқылы тоғызқұмалақтың ХІХ ғасырдың 80-жылдарына дейін «тоғызат» аталғаны мәлім болып отыр.

1887 жылы орыс географы әрі этнографы Краснов А.Н. өзінің «Очерк быта Семиреченских  киргизь» атты жазбасын жариялап, қазақтың зерделік ойынына қатысты былай баға беріпті: «Тогызкумалак очень остроумная игра, заставляющая киргизь ломать голову не менее, чем у нас шахматы. В перевод на русский тогузь кумалак  значит девять катышков баранего помята – название прямо показывающее, что это изобретение принадлежит исключительно кочевникам». Мазақ болуымызға сұранып тұр емес пе?! Шамасы, автордың бұл еңбегі шыққан кезде бодандыққа ұшырай бастап, көшпелі құндылықты басқан отырық сананың орныға бастағанын аңғара аламыз;  халқымыздың танымы мен болмысы өзгеріп, ойынның да бұрынғы аттылы-мәдени мазмұны көмескі тартып, номадтық «тоғызат» атауынан «тоғызқұмалақ» болып өзгергендігі байқалады емес пе?! Ресей зерттеушілерінің тағы бірі - этнограф Н.Пантусов «Киргизская игра тогузкумалак» атты мақаласын 1906 жылы жариялады, ойын мұнда да «тоғызқұмалақ» аталды. Одан бергі еңбектердің бәрінде осы атау орнықты. 

          Бұл ойында барлық отауы дымсыз қалған ойыншының жағдайын «атсырау» ұғымымен атайды, бұл – атсыз қалу дегенді білдіреді. Егер де ойын барысы атқа байланыссыз болғанда, оны «құмалақсырау» немесе «тассырау» секілді ұғымдармен беруге болар еді. Демек, ойынның басты атрибуты да ат болғаны және бір кезде «тоғызат» аталғандығы да осыдан көрінеді; атсыз қалған өмірдің аттылы қоғамда тұл екендігін білдіріп, үдерістің бұл ахуалы ойынды аяқтауға апарып тірейді. Тіпті, ойын кезіндегі жүрістің «көшу» етістігімен айтылатыны да [Түркологиялық зерттеулер. – Астана, «Сарыарқа» баспа үйі, 2012. – 537-бет] тоғызқұмалақтың «көшпелі» болмысын аша түседі.

Осы жерде ойынды қой құмалағымен ойнады дегенге үлкен шүбәміздің барын айта кетелік. Қызық үшін ойнап көріңізші: кепкен құмалақ жеңіл, ұстауға келмейді, әрі-беріден соң қолдың теріне езіліп көңге айналады. Ойынның басты құралы салмақты жұмыр тас не жаңғақ сүйектері болған. Болмаса ойын үстінде бірнеше рет құмалақты ауыстыру керек не оны лакпен бояуға тура келер еді.

Белгілі тілтанушы, әдебиеттанушы, фольклорист, Сәрсен Аманжолов өзінің 1936 жылы «Тоғызқұмалақ» еңбегін жариялаған еді. Бұл шағын еңбектің құндылығы сонда – тоғызқұмалақ ойынын тілтану, этнография жағынан терең қарастыруында. Автор бұл ойынға қатысты атауларды алғаш рет қарастырған бірден-бір зерттеуші. Ол ойын атауларына зер сала отырып, оның мал шаруашылығы мен көшпелі өмір салтынан ажырағысыз этнографиялық туынды екенін әйгілейді. Еңбектен келтірілген мына үзінді ойынның танымдық құдыреті мен философиясын, болмысын арттыра түскендігімен еріксіз келісуге тура келеді: «Солдан оңға қарай

1-отауды «Құйрық» я «Арт» дейді. Себебі, ондағы құмалақтар көпке дейін өзгермей, түгел қалып отырады.

2-отауды «Тектұрмас» дейді. Себебі жүріс көбінесе осыдан басталады.

3-отауды «Атөтпес» дейді. Оның себебі, қарсы жақтың аты бұған түспей кете алмайды.

4-отауды «Жаман үй» дейді. Себебі қарсы жақтың адамы бұл жерден үнемі жеп отырады.

5-отауды «Бел» дейді. Бұл екі орталық аса қауіпті емес.

6-отауды «Сары дала» дейді. Себебі бұл - жүріске де, «тұздый» (тұзды үй – Е.С.) алуға да ыңғайлы жер.

7-отауды «Қосан жылаған» дсйді. Оның себебі - бұрынғы заманда Қосан деген ойыншыны тағы бір ойыншы дәл осы 7-отауда әлденеше рет «тұздый» отырғызыпты, соған ыза болып жылапты-мыс.

8-отауды «Көк мойын» дейді. Себебі мұнда да көптен-көп «тұздый» алынатын көрінеді және бұл жерге көп құмалақ жиналып қала береді.

9-отауды «Аққасқа» дейді...» Бұдан әрі ойынның тұрпаты мен болмысына комментарий жасау артық етеді.

Шынтуайтында, «құмалақ» сөзі қой-ешкінің, түйенің, қоянның  нәжісі деген ұғымды кейінірек жұқтырған, бұл сөз қума+лақ тіркесінен туындаған кәдімгі «домалақ» (шарик) ұғымы болатын. Енді бұл сөздің ол ұғымнан жұрдай екені рас. Жарайды, ойынның «тоғызқұмалақ» атауын аластап керек емес, қолданыста бола берсін, егер соншалықты одан ажырау қиын болса... Бірақ ресми түрде, тіпті, ғылыми симпозиум арқылы болса да, ойынның ежелгі «тоғызат» атауын күлкіге ұшырамай тұрып, қайтаруды қолға алған абзал. Оған себеп пен дәйектерді келтірдік.

Сонда «тоғызат» не береді? Бұл шынымен де – өзекті мәселе! «Құмалақ» сөзін айтуға да, мағынасын ашуға да қолайсыздықтан құтқарады. Алтымыңжылдық кодымызды қалпына келтіріп, түбі бір 200 млн түркінің ойынды «тоғызат» атау арқылы бірден ықыластарын оятамыз. «Ат» сөзі барлық түркіге  таныс, ортақ. Түркілерге таралған ойынды, одан ары әлемге тарату аса жеңіл болмақ. Кешегі сақ пен ғұнның тікелей ұрпағы екеніміз, хандық мемлекет тұрпатының осы ойынның астарындағы мазмұн болып тұрғанын айтсақ, зерделік ойынды әлемдік абырой күтіп тұр. Ең бастысы, ойынның атауында – оны дамыту мен таратудың стратегиясы бұғып жатыр. Соны ескеру керек. Тағы да айтамыз, егер ойынды «тоғызат» атасақ, бұны өз ойыны тұтуға әзір түркілер саны 200 млн адам.

С.Ерғали, Тоғызқұмалақ федерациясының Астана қалалық филиалының атқарушы директоры.

Ұлт порталы