24 қар, 2022 сағат 14:54

Қуантыров зейнетақы жинағын пайдалану шегін төмендетуге қатысты ойын айтты

© Sputnik / Абзал Калиев

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров зейнетақы жинағын пайдалану шегін төмендетуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.

Мәжілістің кешегі отырысында бір топ депутат зейнетақы жинағын пайдалануға мүмкіндік беретін жеткілікті шекті төмендетуді ұсынды. Төменгі палата өкілдері қазақстандықтарға инфляциядан асатын инвестициялық табыстың бір бөлігін пайдалану мүмкіндігін беру қажет деп есептейді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жеткілікті шекті төмендету тиімсіз деп санайды.

"Мен зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану шегін төмендетуге қарсымын. Жалпы, бұл мәселе қазір күн тәртібінде жоқ, талқыланбайды. Жеткілікті шекті төмендетсек, болашақ зейнеткерлерге әлеуметтік тәуекелдерді әкеледі. Себебі ай сайынғы төлемдер өмір сүруге жетпейді", - деді Қуантыров Сенат отырысынан кейінгі брифингте.

Айта кетері, биыл 1 сәуірден бастап зейнетақы жинағының жеткілікті шегі күрт өсті. Егер былтыр 35 жастағы азаматтар үшін шекті көрсеткіш 2 940 000 теңге болса, 2022 жылы ол 5 060 000 теңгені құрап отыр.