25 ақп, 2020 сағат 11:30

Круиз лайнеріндегі қазақстандықтар неліктен басқа жолаушылармен бірге ұшып келді?

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев «Diamond Princess» лайнерінде болған қазақстандықтар неліктен елге ортақ бортпен ұшып келгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл - SCAT әуе компаниясы орындайтын Нұр-Сұлтан мен Токио арасындағы тұрақты жолаушылар рейсі болатын. «Diamond Princess» лайнерінде болған жолаушылар жалпыға ортақ тәртіп бойынша тұрақты рейске билет алған. Тасымалдаушы ретінде әуе компаниясы ол жолаушылардың дәл осы рейске отырғанынан хабарсыз болды. Яғни олар кез келген басқа рейспен-ақ елге ұшып келе алатын еді», - деді Талғат Ластаев Үкімет отырысынан кейін тілшілерге.

Комитет төрағасы SCAT әуе компаниясы шынында да өз жолаушыларының ішінде «Diamond Princess» лайнеріндегі қазақстандықтар бар екенін білмегенін шегелей түсті.

«Тиісінше рейстен кейін карантин керектігі жөнінде әуе компаниясының қызметкерлеріне ұшар алдында хабарланды. Жапондық тарап болса бұл жолаушыларды өз еліндегі карантиннен, яғни тестіден кейін жіберген. Олар билетті жалпыға ортақ тәртіппен алды. Олар – Қазақстан Республикасының азаматтары. Әуе компаниясының оларды тасымалдаудан бас тартуға қақысы жоқ», - деді комитет төрағасы.

Еске сала кетсек, жапондық Diamond Princess лайнерінің бортында болған Қазақстанның 4 азаматы Нұр-Сұлтан қаласының №3 көпбейінді ауруханасының жанындағы инфекцияға қарсы корпусқа орналастырылған еді. 23 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласындағы әуежайға Токио-Нұр-Сұлтан рейсімен 20 жолаушы келген. Оның 16-сы – Қазақстан азаматы. Төртеуі - Diamond Princess лайнерінің ішінде болған жолаушылар.