Қазақстанда көптен күткен жеке азаматтардың банкроттығы туралы заң жобасы әзірленді. Оған сәйкес, кредит төлей алмаған адамдар қарыз төлеуден құтылады. Бірақ нақты талаптар бар.
Банкроттыққа әдейі барғаны үшін әкімшілік, тіпті, қылмыстық жаза да қарастырылған. Sputnik Қазақстан жаңа заңның негізгі нормаларын шолып шықты.
Банкроттық қалай жарияланады?
Қазіргі заң жобасы бойынша кредит төлей алмаған адам сотсыз және сот арқылы өзін банкрот деп жариялай алады. Артынан төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге өтініш беруге болады.
Соттан тыс банкроттық рәсімді интернет арқылы жасауға болады. Бірақ нақты үш шарт бар.
Олар:
1. Сот орындаушылары өндіруге жататын мүлік пен ақшаның жоғын анықтап, борышкерге қатысты атқару құжатын өзіне қайтаруы тиіс;
2. Борышкерге қатысты өзге де атқарушылық іс жүргізу болмауы қажет;
3. Борышкер банктік қарыз немесе микрокредит бойынша берешекті реттеу жағынан барлық шараларды (өтініш жазу, кредит мерзімін ұзарту, қарызды қайта құрылымдау және т.б.) жасап көруі шарт;
Соттан тыс банкроттық туралы өтініш уәкілетті органның интернет-ресурсы немесе салықтық мобильді қосымша арқылы жіберіледі. Онда кредитордың атауы, берешек сомасы жазылады. Сондай-ақ, үш шартты құжатпен растау қажет.
Өтініш беру мерзімі қарыз мөлшеріне қарай белгіленген.
Атап айтқанда:
- 100 АЕК-тен (306 300 теңгеден) аспайтын қарыз бір жылда қайтарылмаса, соттан тыс банкроттыққа өтініш беруге болады;
- 100-1600 АЕК-тен (306 300-4 900 800 теңгеден) аспайтын берешек алты айда қайтырлмаса, өтініш жіберуге рұқсат бар;
Бұдан бөлек, 5-7 жыл бұрын алынған қарыздар қайтарылмаса, соттан тыс банкроттыққа жүгінуге мүмкіндік бар. Ал жағдайы жақсарып, қарызды төлеуге дайын болғанда соттан тыс банкроттық рәсімді тоқтата алады.
Борышкердің қарыз мөлшері 1600 АЕК-тен (4 900 800 теңгеден) асып кетсе, сот банкроттығы рәсіміне жүгіну керек. Басқа шарттары соттан тыс банкроттыққа ұқсас. Ал төлем қабілеттігін қалпына келтіру өтініші сот арқылы жіберіледі.
Борышкер кредиттен босатылады
Соттан тыс банкроттық рәсімі алты ай жүргізіледі. Дегенмен өтініш берілген күннен бастап борыштық міндеттемелердің мерзімі өтіп кеткен болып саналады. Сондықтан кредиторлардың талабы тоқтатылып, берешектің айыппұлдары мен сыйақысын есептеуге тыйып салынады.
Ал борышкерге бірқатар шектеулер қойылады. Атап айтқанда, ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 теңгеден) асатын кредит алуға болмайды. Сондай-ақ, Қазақстаннан тыс жерге шығуға тыйым салынған. Бірақ шетелде емделуге, жақын туыстарды алып жүруге және жерлеу рәсімдеріне баруға рұқсат бар.
Борышкер соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш берген күннен бастап алты ай өткеннен кейін соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау туралы шешім шығарылады. Сол күннен бастап кредит төлей алмаған адам банкрот деп танылады. Бірақ алимент, сондай-ақ, адам өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша міндеттемелері тоқтатылмайды.
Ал соттан тыс банкроттық рәсім тоқтатылса, борышкер кредиторлар алдындағы міндеттемелерден босатылмайды. Қарызды төлеуге міндетті.
Сот арқылы банкрот жариялау тәртібі
Сот банкроттығы рәсімін қолдану туралы шешімді сот шығарады. Бірақ қаржы басқарушысының қорытындысы болуы шарт. Сот шешімімен банкроттық мүлік қаржы басқарушысының иелігіне ауысады.
Ал оны сатудан түскен ақшамен қарыз жабылады. Сондай-ақ, банкроттың банк шоттарындағы ақша мен салымдар қаржы басқарушысының арнайы есепшотына аударылады. Борышкердің Қазақстаннан тыс жерлерге шығуына тыйым салынады. Ал алимент және залалды өтеуден басқа барлық міндеттемелері тоқтатылады.
Борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібі
Сот борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын да бекітеді. Оның орындау мерзімі бес жылдан аспауға тиіс. Мерзімінен бұрын орындауға мүмкіндік бар.
Борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің бірнеше жолы бар.
Олар:
1. міндеттемені орындау мерзімін өзгерту (борышты төлеуді кейінге қалдыру және (немесе) бөліп төлеу);
2. борышты немесе оның бір бөлігін, оның ішінде тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) кешіру;
3. қарызды пайдаланғаны үшін сыйақының пайыздық мөлшерлемесін төмендету;
4. қарызды пайдаланудың жалпы мерзімін бір мезгілде ұлғайта отырып, тұрақты ағымдағы төлемдер мөлшерінің кемуі;
5. міндеттемені орындау тәсілін өзгерту;
6. кепілді кредитор банктік қарыздың ипотекалық шарты бойынша міндеттемелерін кешірген жағдайда, кепілді кредитордың талаптарын оған кепіл затын беру арқылы қанағаттандыру;
Жоспарда борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында мүліктің бір бөлігін сату, мүлікті жалға беру, дебиторлық берешекті өндіріп алу, тұрғын үйді құны төмен баспанаға айырбастау, борышкерді жұмысқа орналастыру және тағы басқа шаралар қарастырылуы мүмкін.
Борышкердің міндеттері
Заң бойынша борышкердің өндіріп алуға болмайтын мүлікке меншік құқығы сақталады. Ал қарызда төлегенде ай сайын өзіне ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 теңгеден) аспайтын ақшаны қалдыра алады. Бірақ кредиторлармен келісіп, ақшаны көптеп қалдыруға да мүмкіндік бар.
Борышкерге жүктелетін міндеттер:
жағдай жақсарған жағдайда банкроттықты тоқатуға өтініш беру;
төлем қабілеттілігін қалпыну келтіру жоспарын әзірлеуге қатысу;
қаржылық жағдай мен мүлкі туралы есеп беру;
төлем қабілеттігін қалпына келтіру жоспарына кірмейтін міндеттерді қабылдамау;
жоспардағы шаралар орындалмаған жағдайда бір айдың ішінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқатуға және сот банкроттығы рәсімін қолдануға өтінішпен сотқа жүгіну (төтенше жағдайлар немесе үшінші тұлғалардың себепкер болса, осы тармақ қолданылмайды, бірақ кредиторларға бір күннің ішінде хабар беру керек);
төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот банкроттығы рәсімін қолдану туралы сот шешімдерінің бірі заңды күшіне енген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мүліктік массаны қаржы басқарушысының басқаруына беру;
Борышкер тарапынан мүлік туралы мәліметтерді жасыру, мүлікті өзгенің иелігіне беру, мүлікті иеліктен шығару немесе жою әрекеттері анықталса, кредитор құқық қорғау органдарына жүгіне алады.
Ал борышкер өзінің қаржылық жағдайы, мүлкі және міндеттемелері туралы жалған ақпарат берсе, әкімшілік, тіпті, қылмыстық жазаға да тартылады. Жаңа заң келесі жылдан бастап күшіне енеді деген жоспар бар.