Сыртқы істер министрлігі ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовте Венгрия азаматтығы бар деген қауесетке қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
"Бұған дейін сізден Кәрім Мәсімовтің қос азаматтығы туралы сұраған едік. Ол кезде өзіңізде ондай ақпарат жоқ екенін айттыңыз. Бір апта өтті, Мәсімовтің Венгрия азаматтығы бар-жоғын білдіңіз бе және бұл қалай болуы мүмкін", - деп сұрады журналист.
"Венгрия тарапының бізге берген мәліметінше, Мәсімов мырзаның мұндай азаматтығы болмаған. Қосымша ақпарат түскен жоқ. Біздің елде қос азаматтыққа тыйым салынған және басқа елдің азаматтығын алған адам автоматты түрде біздің азаматтықтан айырылады", - деп жауап берді Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Мәжіліс кулуарында.
Еске салайық, 18 қарашада Астанада Кәрім Мәсімовке қатысты сот отырысы басталды. Бұл процесс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр. Іс бойынша мәліметтер жарияланбайды, сот тергеуі, сондай-ақ тергеу "құпия" санатына жатады.