21 шіл, 2019 сағат 23:29

ҚР Президенті: Байқоңыр – Қазақстанның ғарыштық держава екенінің дәлелі

Байқоңыр – Қазақстанның шын мәнінде ғарыштық мемлекет екенінің дәлелі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «31арнада» көрсетілген «Президент 2.0» деректі фильмінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біріншіден, Байқоңыр арқылы Ресеймен тығыз байланыстамыз. Мәскеуде, Кремльдегі таяуда өткен келіссөздер барысында бұл тақырып қозғалды. В.Путин екі ел арасындағы бұл серіктестікке жақсы қарайды. Соған орай тапсырмалар береді. Осы келіссөздердің нәтижесінде мен «Роскосмос» басшысы Дмитрий Рогозинді қабылдадым», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті екі елдің арасында болашақта жүзеге асырылатын үлкен жоспарлары бар екендігін атап өтті.

«Байқоңыр – Қазақстанның шын мәнінде ғарыштық держава немесе ғарыштық мемлекет екенінің дәлелі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті бүкіл әлем бойынша жер астында болсын, үстінде болсын бір полигонда 450-ден астам жарылыстың болмағандығын атап өтеді.

«Ең бастысы, жергілікті тұрғындарға жарылыс туралы, қандай да бір шара қолдану туралы ескерту жасалмаған. Жерді дезактивация жасамаған. Бұл ядролық жарылыстардың зардабы әлі күнге дейін сезіліп келеді. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Совет одағының тұсында-ақ өз Жарлығымен бұл полигонды жабу туралы шешім қабылдаған. Содан бері БҰҰ Бас ассамблеясының шешімімен 29 тамыз әлем бойынша ядролық қаруды сынауға тыйым салу күні ретінде аталып өтіледі», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент қазақ үшін даладан қымбат ештеңе жоқ екенін айтты.

«Степь» сөзі қазақша - дала. Ал «Ұлы дала» - ұлан-байтақ еліміз, қазақтың жері, Қазақстан дегенді білдіреді. Сондықтан даланы барша қазақтың атамекені деп атаймыз. Бірақ, біздің тауларымыз да бар, Алматыда», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы жеріміздің аумағындағы таулардың да маңызын баса айтты.

«Ұлы ақын Олжас Сүлейменов айтқандай: «Даланы төмендетпей, тауларды ұлықтау» қажет. Міне, біз осылай өмір сүріп жатырмыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.