01 ақп, 2021 сағат 11:20

ҚР ІІМ қызметтерінің 95% автоматтандырылды – Нұрділдә Ораз

Автокөлікті тіркеу, жеке басты куәландыратын құжаттар мен жүргізуші куәліктерін беру, сондай-ақ азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметтері ең көп сұранысқа ие. Бұл туралы ҚР ішкі істер министрлігінің Facebook парақшасында өткен тікелей эфирде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Цифрландыру мәселесі жұмыс тиімділігін арттырып, процестерді жеңілдетеді және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді қысқа мерзімде орындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қызметкерлердің тұрғындармен тікелей байланысқа түсуіне жол бермейді. Осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады», - дейді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Оның айтуынша, бүгінгі күні ішкі істер органдары азаматтарға көрсететін 40 қызметтің 38-і (95%) автоматтандырылған.

«Оның ішінде автокөлікті тіркеу, жеке басты куәландыратын құжаттар мен жүргізуші куәліктерін беру, сондай-ақ азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметтері ең көп сұранысқа ие.

ІІМ жүйесіндегі тіркеу-емтихан бөліністері таратылды. Енді автокөліктерді есептен шығару және тіркеу, мемлекеттік нөмір белгісін таңдау және дайын құжаттарды жеткізуге тапсырыс беруді қашықтықтан жүзеге асыруға болады, ІІМ базалары бойынша барлық тексерулер автоматтандырылған», - дейді ол.