07 ақп, 2020 сағат 09:11

ҚР ДСМ коронавирусқа күдіктелген елордадағы әйелге қатысты айтты

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырды деп күдіктелген әйелге қатысты мән-жайды айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Нұр-Сұлтан қаласында коронавирусқа күдік келтірілген әйел көпсалалы медициналық орталықтың қабылдау бөлімшесіне жеткізілді. Оны инфекционист дәрігер қарады. Сондай-ақ, зертханалық-диагностикалық зерттеулер жүргізілді. Сараптама нәтижесінде коронавирус және жедел респираторлы вирустық инфекция диагнозы расталған жоқ. Әйелді ауруханаға жатқызудың қажеті болмады. Науқас тіркелген жері бойынша емханаға динамикалық бақылауға жіберілді», - деді Диас Ахметшәріп.

Сонымен бірге оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласының емханалары карантинге жабылған жоқ.

«Қытайдан келгендерге және олармен байланыста болған адамдарға қоңырау соғу арқылы және үйлерді аралау арқылы күн сайын бақылау жүргізілуде», - дейді ол.

Ресми өкіл бұған дейін қанша адам карантинде қалып отырғанын мәлім еткен болатын.