18 қаң, 2022 сағат 12:07

Қосымша бак орнатылған көліктердің ел аумағына кіруіне тыйым салынбақ


Қазақстан қосымша бак орнатылған көліктердің ел аумағына кіруіне тыйым салмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта министрлік жанар-жағармай материалдары саласын тұрақтандыруға бағытталған іс-шараларды әзірледі. Оның ішінде бензин мен дизель отынына бағаларды мемлекеттік реттеуді белгілеу, мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу бойынша тиісті бұйрықтар қабылданды», - деді министр.

Оның атап өтуінше, бүгінде АИ-80 маркалы бензин литріне 89 теңге, АИ-92 мен АИ93 маркалы бензин литріне 182 теңге, АИ-95 маркалы бензин литріне 215 теңге және дизель отыны (литріне 230-260 теңге болып белгіленді.

«Министрлік Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы көрші елдермен салыстырғанда бағалардың бірдей болмауына байланысты жанар-жағармай материалдары ағындарына бақылау жүргізу бойынша қосымша іс-шаралар ретінде мыналарды ұсынады: өздігінен орнатылған бактары бар көліктің кіруіне тыйым салу; транзиттік көлікпен тәулігіне 1 реттен артық өтуді шектеу; кейбір мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге экспорттық кеден бажын төлемей темір жол көлігімен тиеп-жөнелтуге тыйым салу; уәкілетті органдар тарапынан шекараларда мұнай өнімдерін автокөлікпен әкетуге тыйым салуды бақылауды күшейту автожанармай құю станцияларында импорттық отынға сараланған баға белгілеу мүмкіндігі; көктемгі дала жұмыстары үшін дизель отынын жеткізу рәсімдерін нақты регламенттеу; бензиндер мен дизель отынын қоспағанда, мұнай өнімдері мен жартылай фабрикаттарға экспорттық кедендік бажды мұнайдың экспорттық кедендік бажының деңгейінен төмен емес ұлғайту мүмкіндігін қарастыру», - деді Болат Ақшолақов.