Қостанай облысы полицейлері мәліметінше, мал иесі 408-бап "Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Әлеуметтік желі қолданушыларына ары қарай не болғаны белгісіз болып қалды. Пікір білдірушілер сиырға жанашырлық танытып, оны соймауды өтінді.
Қостанай еріктілері жануарды құтқаруды ұйғарған.
"11 шілдеде кешке қашып кеткен сиыр туралы постты көрдім. Суретте сиырдың мөлдіреген көзін көрдім. Әріптесіме қоңырау шалып, жануарды аман алып қалуды ұсындым. Куәгерлер оның қай қасапханада екенін айтты. Сиырдың иесін білу үшін полицияға хабарластық. Полиция да ештеңе айтқан жоқ. Біз жануарларды өлтірмеулерін сұрап пост жазуды жөн көрдік", - дейді ерікті Марина.
Келесі күні еріктілер жануардың нақты орналасқан жерін анықтаған. Сиыр қасапханада болып шықты. Онда еріктілер журналистермен бірге барғанымен, оларды ішке кіргізбеген.
"Кейін әріптесім Еленаға сиыр иесі қоңырау шалып, оның атын айтпауды, дерегін жарияламауды өтінді. Ол сиырды иесіне апарып жатқанын айтты. Сиырдың өзінен ажыратып алған бұзауы бар екенін білдік. Сиырдың неге қашып кеткені түсінікті болды. Оның өмір сүргісі келгені көрініп тұрды. Өмірге деген мұндай құштарлықты бірінші рет көрдік. Біз оны шынымен құтқарғымыз келді", - деді Марина.
Әйелдің айтуынша, енді жануарды өлтірмейтіндері анық. Сиыр бұзауымен қайта қосылды.
"Жануар иесі бір сиырдың құны көлікті есептемегенде 480 мың теңге екенін айтты. Біз ақша жинамаймыз, оның керегі жоқ. Сиырды еріктілеріміздің бірі алады, қазір бұл мәселе шешіліп жатыр", - деді ерікті.
Еске салайық, Қостанай орталығында жүрген сиыр шабуылынан үш адам зардап шекті. Ер адам жамбас сүйегі сынды деген күдікпен ауруханаға жатқызылған, бір әйелдің аяғын жарақаттаған, ал зейнеткер білек сүйегін сындырып алған.