Қостанайда вакцинация паспорттарын «сатқан» екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Қостанай қаласының 27 жастағы екі тұрғынын анықтады.
Олар өз пайдасы үшін COVID-19 вакцинация паспортын сатумен айналысқан.
Өздерінің айтуынша, шілде айында Telegram әлеуметтік желісінде арнайы аккаунт ашқан.
Содан кейін клиенттерді іздеу үшін олар барлық әлеуметтік топтарға вакцинация паспортын істей алатыны туралы жарнама тарата бастаған.
«Тілек білдірушілер» алдын ала төлемді бөтен адамға рәсімделген екінші деңгейдегі банк карталарына аударған.
300 мың теңгеден астам ақша ерлердің жеке қажетіне жұмсалған.
Бірақ олардың айтуынша, құжаттарды ешкім алмаған, олар клиенттерді бұғаттап отырған.
Сонымен қатар қазіргі уақытта жедел уәкілдер вакцинация паспортын заңсыз жолмен алғысы келген адамдарды анықтау бойынша тергеу әрекеттерін жүргізуде.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігімен тіркелген сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері азаматтарға заңға қайшы келетін әрекеттер үшін заңмен қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.