08 қаз, 2024 сағат 12:26

Көшпенділер ойындарына келген туристердің есінде қалған 5 түрлі тағам аталды

Фото: pexels.com

Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорт түрлерін ұлықтап, Ұлы даланың мәдени бай мұрасын көрсетті. Шетелдік меймандар спорттық жарыстардан бөлек, қазақтың дәстүрлі тағамдарына да ерекше тәнті болды. Осылайша Спорт және туризм министрлігі отандық туроператорлардың сауалнамасы негізінде ойындарға келген қонақтардың есінде қалған бес ұлттық тағамды ұсынды, деп хабарлайды Ult.kz.

1. Бесбармақ

Үздік бестіктің көшбасшысы, әрине – бесбармақ (әр өңірде әртүрлі айтылады). Бұл дәстүрлі тағам қайнатылған ет пен үлкен төртбұрышты қамырдан (жайма/шелпек) жасалады. Тамақтың негізгі құрамына төрт түлік малдың – қой, сиыр, жылқы және түйе еті кіреді. Әсіресе, жылқы еті (қазы, шұжық, жал, жая) мерекелік дастарханның сәнін келтіреді. Шетелдік қонақтар бұл тағамның тіл үйіретін дәмін ерекше бағалады.

2. Бауырсақ

Екінші орында – бауырсақ. Бұл тағам әр қазақ дастарханында міндетті түрде болады. Шетелдік қонақтар қамырдан жасалып, майда қуырылған алтын түстес жұмсақ тағамның ерекше дәміне тәнті болды. Әсіресе, шетелдік меймандар ши бауырсақты кәдесый ретінде көптеп сатып алды.

3. Қымыз

Үшінші орында – қымыз. Бие сүтінен ашытылып дайындалған бұл сусынның қышқылтым дәмі мен емдік қасиеттері туристердің ерекше қызығушылығын тудырды.

4. Құрт

Төртінші орында – құрт. Сүт өніміне жататын құрттың тұзды дәмі шетелдік қонақтарға қатты ұнады.

5. Шұбат

Үздік бестікті шұбат түйіндеді. Бұл – түйе сүтінен жасалған қою сусын. Шұбат – түйе шаруашылығы кең дамыған Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлерінде кеңінен танымал.

"Еліміздің ұлттық тағамдары – тек тамақ қана емес, өткен мен бүгінді байланыстыратын мәдени көпір. Гастрономиялық турлар шетелдік туристердің Қазақстанға жасаған сапарларының маңызды бөлігіне айналды", – деді Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің ресми өкілі Айжан Жолдасбекова.