Алматы облысы Бесағаш ауылында елу отбасы көшесіз қалып, үйлеріне жету үшін айналып өтуге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv арнасы.
Тұрғындардың айтуынша, әкімдіктен жер алғанда жауаптылар картадан көшені нұсқап тұрып, жолды көрсеткен екен. Кейін 1,5 гектар жердің иесі табылып, көшені қоршап алған. Амалсыз қалған ауыл адамдары енді көлігін ауыл сыртына тастап, өздері өзенді кесіп өтіп жүр. Ал жергілікті билік мәселені шеше алмайтындарын айтып, ақталды.
«Қазір осы жерде екі адамның участогы бар. Біз әкімдік өкілдерін шақырдық, бірақ бұл кісілер заңды түрде сатып алған. Көлікті жолдың арғы жағына тастаймыз, өзеннен бері қарай жаяу өтеміз. Адам өтетін көпір салып алдық», – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Әлішер Әукенбаев.
Ағашы айырылып, темірінің тозығы жеткен өткелді жұрт «қыл көпір» деп атап кеткен. Көпірдің арғы бетіне көлігін тастап жүрген жұрт тонаушылардың да дәуірі жүріп тұрғанын айтады. Екі күннің бірінде терезесін шағып, бөлшектерін ұрлап кететін көрінеді.
«Осы жерді алдық, өйткені басқалай мүмкіндік болмады. Мысалы пәтер сатып ала-алмаймыз. Оған ақшамыз жетпейді. Жерді 2-3 миллионға алдық, қуанып үй салдық», – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Сырым Әділғазин.
Ал жергілікті билік «біз де шарасызбыз» деп шағымданған жұрттың үмітін сөндіргендей болды. Өйткені көшені қоршап алған азаматтың заң тұрғысынан құқығы бар екен.
«Біз жер иесінің ресми өкілі Ринатқа барлық нұсқаларды көрсеттік. Бізге екі метр жер берсеңіз, сізге дәл сол маңнан басқа жер телімін бөліп берейік дедім, келіспеді. Жер қатынастары мамандары келді өлшеді, тексерді. Оның гос актісі бар, заңды. Бірақ ол жерге нақты не салатынын айтпады», – деді Бесағаш ауылдық округі әкімінің орынбасары Әлібек Рамазанов.
«Сала алмайды. Оны әуелі жол депбас жоспарға енгізу керек», – деді Талғар ауданы ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Асхат Досжанов
Көшесіз қалған елу отбасы көкейкесті мәселесін айтқанымен, көңіл көншітер жауап ала алмады. Өйткені әкімдік өкілдері жол ашып беруі үшін алдымен жер телімін әкімдік балансына алу керек екен. Ал оған жер иесі үшті-күйлі қарсы болып отыр. Енді ауыл адамдарына басқа бағыттан жол түсуі мүмкін. Алайда бүгін-ертең үйлеріне емін-еркін кіріп-шығуы мүмкін болмайтын көрінеді. Ал Талғар ауданының сәулетшілері құжатты қайта қарау керегін айтты.