Белгілі журналист, әрі саясаткер Әміржан Қосанов президенттікке үміткер ретінде тіркелуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Тоқаев Назарбаевтың стилінде кезектен тыс президент сайлауын жариялады. Уақыт тығыз. Әрине, ыңғайсыз адамдарды Орталық сайлау комиссиясы тіркемес. Бір бәле табады ғой", - деп жазды Қосанов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Осы орайда ол 2019 жылы барлық ресми процедурадан өтіп, президенттікке үміткер ретінде тіркелгенін еске салды.
"Иә, Әблязов, Қажыгелдин, басқа да ескі оппозиция мені қаралады, бірақ ертең басқа билік қарсыласын тіркесе, қолдаймын. Тіркемесе, президенттікке ұсынылып, тіркелуге мен дайын, өйткені тіркелу үшін заң жағынан мінсізбін", - дейді саясаткер.
Еске салайық, 2019 жылы Президент сайлауында Қосанов сайлаушылардың 16,23 процент дауысына ие болған. Бұл Тоқаевтан кейінгі екінші нәтиже еді. Сол кезде Қосанов үшін 1 495 401 адам дауыс берген.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды. Оны биыл күзде ұйымдастыру жоспарланып отыр.