Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдеріне шекараны шегендеудің тиімді тәсілдерін әзірлейтін сарапшылық алаң құруды ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біз, мемлекеттер басшылары өңірдегі әлі де сақталып отырған тұрақсыздық факторларын барынша жою үшін барлық мүмкіндікті жасауға тиіспіз. Мемлекетаралық шекаралардағы әрбір мылтық даусының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді. Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекеттеріміз қайшылықтарды еңсеру ісінде өркениеттіліктің, жауаптылықтың үлгісін көрсетуге тиіс. Шекараны заңды түрде рәсімдеу үдерісінің өте күрделі әрі қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына құрмет көрсету арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі мүмкін», – деді Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде.
Президенттің айтуынша, бұның басқа жолы жоқ.
«Бұл кешенді проблемаларды елемеудің немесе созбалаңға салудың салдары қиын болады, тіпті Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған барлық күш-жігерімізді жоққа шығаруы мүмкін. Посткеңестік кеңістікте өзінің шекарасын толық делимитация жасаған мемлекет ретінде, Қазақстан, өзара тиімді шешімдер іздестіруге барынша көмек көрсетуге дайын. Нақтырақ айтқанда, шекараны делимитациялаудың өзара тиімді тәсілдерін әзірлеу үшін сарапшылар алаңын құруды ұсынамыз. Бұл жұмысқа тәжірибелі заңгерлер, картографтар, шекарашылар және басқа да мамандарды тарту керек. Осы істе үйлестіру міндетін Сыртқы істер министрлер кеңесіне жүктеуге болады» – деді Мемлекет басшысы.