10 сәу, 2020 сағат 14:01

Коронавирустың таралуына қарсы шараларды дер кезінде қабылдадық – Мемлекет басшысы

Коронавирустың таралуын барынша бәсеңдету үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдадық. Бүгін Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз коронавирустың таралуын барынша бәсеңдету үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдадық. Мен 15 наурызда алғашқы науқастар белгілі болған сәттен бастап төтенше жағдай жарияладым. Бірден екі ірі қаламызда карантин режимі енгізілді. Шын мәнінде, қазір – бүкіл әлем жұртшылығы үшін сын-қатерге толы уақыт. Осындай күрделі кезеңде Елбасымыз арнайы мақала жариялады. Бұл – халқымыздың еңсесін көтеретін өте мазмұнды, маңызды үндеу. Береке-бірліктің арқасында Қазақстан бұл індетті артқа тастап, зор сеніммен алға басатыны айқын. Бүгінде біз уақытында жүзеге асқан шұғыл шаралардың арқасында індеттің кең таралуына жол бермедік. Мұны халықаралық қоғамдастық оң бағалап отыр», - деді Қ.Тоқаев. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты дағдарысқа қарсы шаралар іске асырылуда. 

«Тұрғындарға және бизнеске қолдау көрсету мақсатында дағдарысқа қарсы нақты шаралар қабылдадық. Азаматтарымызға көмектесу үшін бұрын-соңды болмаған көлемде қыруар қаржы бөлінді. Көптеген мемлекеттер халқына осындай қолдау көрсете алған жоқ. Үкімет сол қаражаттың сапалы әрі мақсатқа сай жұмсалуын қадағалауы тиіс. Төтенше жағдай кезіндегі ең маңызды міндеттердің бірі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шекті бағасы белгіленді. Қазір көктемгі егіс науқаны басталды. Бұл – өте маңызды жұмыс. Сондықтан, Үкімет және әкімдіктер осы жұмысты ерекше назарда ұстауы қажет», - деді Президент. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы елдегі төтенше жағдай режимін сәуір айының соңына дейін созу қажеттігін және үш мегаполис пен өңірлердегі карантинді жалғастыруды тапсырды.