Фото: © AFP 2023 / JULIEN DE ROSA
Қазақстанда омикронның "эрис" деп аталатын жаңа штаммы таралып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министр коронавирус дәрігерлердің тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Айтуынша, былтырға қарағанда коронавируспен ауыру деңгейі төмендеген. Соған қарамастан министрлік ай сайын коронавирус инфекциясын генетикалық зерттеуден өткізіп отырады.
"Соңғы генетикалық зерттеулер елімізге омикронның "эрис" деген түрі келгенін көрсетті. Қазір барлық өңірде вирустың осы түрі тіркеліп жатыр. Коронавирус уақыт өте қоршаған ортаға бейімделіп, әртүрлі мутацияға ұшырап жатыр", - деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ол омикрон жеңіл немесе орташа жеңіл түрде өтіп жатқанын айтты.
Қазір республика бойынша стационарларда коронавирустан 35 адам емделіп жатыр. Дені егде жастағы, созылмалы аурулары бар адамдар.