24 қыр, 2020 сағат 09:25

Коронавирустың екінші толқынында 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін - министр

Коронавирустың жаңа толқынында 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«COVID індетінің еңбек нарығы үшін қатері мен теріс әсері әлі де бар. Егер коронавирустың екінші толқыны келіп жатса және қатаң шектеу шаралары қабылданса, онда біздің бағалауымызша 2,2 млн-нан астам адам қолдауға мұқтаж болуы мүмкін. Осы жағдайда болжам бойынша жұмыспен қамтылған халықтың жартысына жуығы немесе 4 млн адам жұмысын сақтап қалады», - деді министр Мәжілістегі Үкімет сағатында. 

Оның дерегінше, негізінен ауыл шаруашылығы, құрылыс, өндіріс және денсаулық сақтау салаларында еңбек ететін адамдар жұмысын сақтап қалады. 

«Үштен бірі немесе 2,5 млн адам қашықтан орындалатын жұмыс режиміне ауысуы мүмкін. 2 млн адамның жұмыс уақыты қысқарып, олар ақылы немесе басым бөлігі ақысыз демалысқа шығарылуы ықтимал. Бұл - бірінші кезекте сауда, көлік, тұтыну және тамақтану қызметтері саласындағы қызметкерлер. Бағалау бойынша 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін», - деді министр.