22 қаз, 2020 сағат 21:45

Коронавирустың екінші толқынына елдегі дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме?

Әлемді алаңдатқан қауіпті індеттің екінші толқыны келеді деп болжануда. Осы орайда бүгінде елімізде қауіпсіздік шараларын күшейту, карантин талаптарын қатаңдату ісі қолға алына бастады. Сондай-ақ індетке қарсы дәрі-дәрмек де қоры жиналып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұрын дәрі-дәрмекті жеткізу әуехабы арқылы 2 аптаға дейін уақыт алатын, бүгінде жеткізу қызметі жеделдетілді. Қазір кез келген қоймаға 1 күннің ішінде жеткізу мүмкіндігі бар. Елордадағы қоймада 4 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі бар, оның ішінде 400 млн теңгенің препараты ол коронавирус дертіне арналған. Қазіргі уақытта медициналық ұйымдар 110% қамтамасыз етіліп отыр. Бізге медициналық ұйымдарды 1 айлық дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз ету тапсырылды. Сол үшін де күн сайын дәрі-дәрмек қоры жаңартылып отырады», - деді «СҚ-Фармация» ЖШС-ның басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев аталған ұйымда өткен рейд барысында. 

Оның айтуынша, бүгінде сатып алынған дәрі-дәрмектің 60% елдегі 4 хабқа таратылды. 

«Біз дәрі-дәрмектерді барлық өңірлерге бірден таратып жібере алмаймыз. Себебі өңірлердегі қоймалардың аумағы 300 шаршы метрді құрайды, бұл дегеніміз бар жоғы 2 жүк көлік дәрі-дәрмек. Ал кейбір өңірлерде дәрі-дәрмекті сақтайтын қойма жоқ, сондықтан да жүк көліктері медициналық ұйымдарға тікелей жеткізіп береді. Бүгінде медициналық ұйымдардың сұранысын өтеуден бөлек, біздің қоймада 2 айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Өңірлерге жүк көліктері тыным таппай күнделікті жеткізіп отыр», - деді ол. 

Аталған мекеменің ресми дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта COVID-19 індетіне арналған 8,2 млрд теңгені құрайтын 44 атаулы дәрі-дәрмек сатып алынуда. 

Айта кетсек, Антикор қызметкерлері қоғам белсенділерімен бірге елордадағы СҚ Фармация ЖШС қоймасындағы дәрі-дәрмек қорына қатысты мониторинг жүргізді.