06 қыр, 2020 сағат 18:38

Коронавирустың бірінші толқынында халықты психологиялық тұрғыдан дайындаған жоқпыз – Ерболат Дәленов

Коронавирустың бірінші толқыны болған кезде халықты психологиялық тұрғыдан дайындаған жоқпыз. Бұл туралы ҚР Профилактикалық медицина академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирустың бірінші толқыны болған кезде біз халықты психологиялық тұрғыдан дайындаған жоқпыз. Тек ол қашан келді деп күтумен болдық. Аурудың алдын алу немесе одан сауығу адам психологиясына тікелей байланысты. Сондықтан көбіміз бұл індеттің бар екеніне сенбей, той-томалақ ұйымдастырдық. Қазіргі жағдайда әдет-ғұрыпқа салынып, той жасау жанашырлықтың белгісі емес - ол мәдениеттің төмендігі», - деді ҚР Профилактикалық медицина академиясының академигі Ерболат Дәленов.

Сондай-ақ академик коронавирустың екінші толқынына қатысты пікір білдірді. 

«Күз мезгілінде, әсіресе балалар арасында тұмау көбейеді. Ал ол өз кезегінде коронавирусқа ұласуы мүмкін. Сондықтан індеттің жаңа толқыны мектеп жасындағы балалар арасында жиі тарау қаупі бар. Сондай-ақ, вирусты 50 жастан асқан азаматтар жиі жұқтырады. Бұған қоса, біраз уақыт үй карантинінде отырған адамдардың жүйкесі жұқарды. Осы себепті олар далаға шыққанда, өзгелермен қарым-қатынас жасағанда инфекцияны тез жұқтыруға бейім. Мұның алдын алу үшін қазіргі таңда С, Е, А және цинк витаминдерін қабылдау керек. Себебі коронавирус адам ағзасындағы ұсақ тамырларды зақымдайды. Ал бұл дәрумендер тамыр қабықшасын қатайтуға мүмкіндік береді» , - деп атап өтті Ерболат Дербісәліұлы.