58 жастағы Алтынай Өтесінова 3 шілде күні қаладағы көпбейінді стационарға ауыр жағдайда түскен. Қазір науқастың беті бері қарап, сауығып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бірақ дәрігерлер пациенттің жағдайы тұрақты ауыр екендігін жасырмайды. Стационарға кеудесіндегі ауырсыну симптомдарымен түскен сырқат алдағы уақытта жалпы палатаға ауыстырылады деп күтілуде.
«Шүкір, жақсымын. Ауруханаға алғаш түскен сәттегі жағдайға қарағанда қазір әлдеқайда тәуірмін. Алғашында үй жағдайында емделдім, бір күні дем жетпей қиналғаным есімде. Әрі қарай не болғанын білмеймін. Аман алып қалған дәрігерлерге мың алғыс» деп ризашылығын білдірді Алтынай Өтесінова.
Оның айтуынша, ауруханада ем алып жатқан науқастардың саны аз емес. Қаншама адам дертінен толық айығып, үйіне оралып жатыр.
«Алайда, бұл індетті жоқ деп ойлайтындарды түсінбеймін, оларға айтар сөзім жоқ. Барлығына айтарым - күтінген дұрыс, денсаулықтан асқан бақыт та, байлық та жоқ. Осы ауруханаға жатқызылған соң ғана аман қалдым деп есептеймін. Ал егер әрі қарай да үй жағдайында емделе бергенде жағдайымның қалай боларын кім білсін. Тек осында келген соң ғана есімді жиып, өзіме келдім», - дейді ол.