Медициналық маска - коронавирустен қорғанудың басты құралы емес. Бұл туралы ҚР жұқпалы аурулар бойынша жетекші маманы Динагүл Баешева айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирус біздің елімізге келген жоқ, ел аумағында тіркелген жоқ. Бірақ оның өз қағидалары бар және мұнда медициналық маска басты құрал емес. Мұнда біз айтқан профилактикалық шараларды орындап, түшкіру мәдениетін сақтау қажет. Мәселен, ауру адам түшкіріп, тұтқаны ұстайды. Ізінше сау адам келіп, сол тұтқаны ұстайды. Әрі қарай көзін, аузын ұстаса, ауру жұғады. Сондықтан, басты назарды маскаға аудармай, жеке гигиена талаптарын сақтау қажет. Басты профилактикалық құрал - маска емес, жеке гигиена», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде.
Оның айтуынша, коронавирус ауруының 80 пайызы жеңіл формада өтеді.
«Коронавирус ауруының 80 пайызы жеңіл формада өтеді. Сондықтан, дүрлікпе тудырып, уайымға салынуға болмайды. Әйтсе де, алдын алу шараларын ұмытпағанымыз жөн. Ауруды жеңудің, вирусты таратпаудың 50 пайызы сіз бен біздің әрекетімізге байланысты. Қоғамдық орындарға жиі бармаңыз, ауру тіркелдерген мемлекеттерге барудан бас тартыңыз», - деді Д. Баешева.
Бұған дейін дəрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының» бас Директоры Арнұр Нұртаев еліміздегі медициналық маска жетіспеушілігі мәселесін түсіндірген еді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта әлемде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 90 893 адам және одан 3110 адам қайтыс болды.
Соңғы 48 сағатта Қытайдан тысқары жерде тіркелген 1848 науқастың 80%-ы үш елге тиесілі: Иран, Италия және Оңтүстік Корея.