29 мам, 2020 сағат 17:00

Коронавирусты симптомсыз өткеретін адамдарды оқшаулау мерзімі 10 күнге қысқартылды

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирусты ауру белгісі жоқ күйде көтеретін адамдарды оқшаулау мерзімі қысқартылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің назарымызды аудартқаны: көптеген елде коронавирус инфекциясын анықтау әдістемесі – медициналық ұйымдарға ЖРВИ-дің жөтел немесе дене қызуы секілді белгілерімен келген пациенттердің ішінен анықтауға негізделген. Сол науқаспен жақын қарым-қатынаста болған адамдар да зерттеледі. Осылайша науқастар тіркеледі. Ал біз Қазақстанда эпидемияның шарықтау шегінде, яғни сәуір айының екінші жартысында жабық ұжымдарда белсенді тестілеу бағдарламасын бастадық. Инфекцияның жасырын ошақтарын табу үшін сау адамдардың өзі де тесттен өте бастады», - дейді Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасында «Хабар 24» арнасы тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.

Елжан Біртанов жұмысы тоқтамаған ұйымдар мен кәсіпорын ұжымдарының ішінде жасырын ошақтардың болуы мүмкін екеніне болжам жасалғанын айтып өтті. Ақыры болжам расталып, коронавирус инфекциясын ауру белгісі жоқ күйде көтеретін адамдардың көп екені анықталған.

«Біздің елдегі өсім – коронавирус инфекциясын симптомсыз көтеретін адамдардың тіркелуімен тікелей байланысты. Қазіргі таңда біз күніне тегін 25 мыңнан астам адамды тесттен өткіземіз. Күніне коронавирус инфекциясын жұқтырған шамамен 300 адамның 80 пайызы оны ауру белгісі жоқ күйде көтеретіні анықталды. Олар ауруды сезбейді. Әлбетте бұл көрсеткіштер талдау жұмыстарын күшейтуге мәжбүр етті. ДДҰ-ның стандартына сәйкес бұл адамдар оқшауланған. Әу баста біз оларды инфекциялық ауруханаға оқшауласақ, қазір бұл амалдан бас тартып, карантиндік нысандарға жатқыза бастадық немесе үйлерінде бақылауда ұстадық. Сол себепті Қазақстанда тіркелгендердің көбін науқастар мен вирусты алып жүрушілер деп айтуға болады», - деді ол.

Осыған байланысты Қазақстан вируспен күрестің тактикасын өзгерткен.

«Кеше ғалымдардың бәрімен келісіп, коронавирусты ауру белгісі жоқ күйде көтеретін адамдарды инфекциялық стационарға жатқызбауды жөн деп шештік. Оларға интенсивті терапия қажет емес. Учаскелік дәрігерлер оларды үйлерінде бақылай береді. Егер ауру белгілері пайда болып жатса, ауруханаға жатқызуға болады. Зерттеу көрсетіп отырғандай «белсенді» науқастардан қарағанда бұл адамдар аса қауіпті емес. Осыған байланысты оларды оқшаулау мерзімін 10 күнге үйінде бақылайтын боламыз. Оныншы күні оның үйіне дәрігерлер келіп, тест алады. Ол кезде адам жазылып кетсе, ол бақылаудан алынады. Егер тест оның «оң» нәтижені көрсетіп тұрса, біз оны ары қарай бақылаймыз», - деді Елжан Біртанов.