Коронавирусты 5-6 сағаттың ішінде анықтауға мүмкіншілік бар.
Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Зекен Исақов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Диагноситкалық алгоритм әзірленген. «Ұлттық сараптамалар орталығы» РМК вирусология зертханасы, Аса қауіпті жұқпалы аурулар ұлттық орталығы, Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-өндірістік орталығы үш деңгейлі бақылау жүргізеді. Ресейде, Қытайда шығарылған тесттер бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан да нақты көмек көрсетіліп жатыр. Біз 5-6 сағаттың ішінде нәтижесін бере аламыз», - деді ол.
Департамент басшысының атап өтуінше, елордада санитарлық және инфекциялық режім күшейтілген. Короновирус таралған жағдайда қарсы әрекет ету шаралары қабылданып, медицина қызметкерлеріне іс-әрекет алгоритмі үйретілген.
Сонымен қатар ол қауіпті вирустан сақтану жолдарын да айтты.
«Жеке гигиенаны сақтау қажет. Қорғанудың ең оңай тәсілі барынша тиімді болып келеді. Бетперде (маска) вирустан қорғалатындығыңызға кепіл бола алмайды. Дегенмен, оны тағу, шешу және кәдеге жарату ережесі бар. Өзін-өзі оқшаулау шаралары қажет. Халық көп баратын нысандарды, қоғамдық көліктерді зарарсыздандыру бойынша кешенді шаралар да қабылданып жатыр», - деді Зекен Исақов.