27 там, 2020 сағат 17:34

Коронавирустан жазылғандар қалай күтінуі керек?

Жоғары санатты невролог дәрігер Гүлназия Иденова коронавирустан жазылған науқастарға қандай алдын алу шараларын жасау керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыл» партиясының бастамасымен өткен онлайн семинарда өңірдегі дәрігерлер коронавирустан жазылғандардың енді қандай алдын алу шараларын жүргізуін сұрады. 

«Коронавирус инфекциясы ең алдымен қан жүйесіне соққы береді. Сондықтан қанның қоюлығына назар аудару керек. Коронавирус инфекциясының бактериофагы ішкі органдарды, ең алдымен өкпені зақымдайды. Сондықтан ковид пневмониясы кең таралып отыр. Сонымен бірге ол бүйрек пен жүрекке де әсер етеді. Коронавирустан кейін коагулограмма мен D-димер көрсеткіштерін бақылап отыру керек. Бұл жағдайда қанның ұйып қалуының барлық параметрлерін қарастырған жөн. Осы параметрлер негізінде әрі қарай не істеу керектігін талқылаймыз», - деді Г. Иденова. 

Сонымен бірге дәрігер психикалық оңалтудың да өте маңызды екенін атап өтті.

«Коронавирус адамдардың психикасына қатты әсер етті. Оның салдарынан өте қатты невроз, депрессия және шексіз апатия туындауы мүмкін. Осы мәселеге де айрықша назар аударғым келеді», - деді Гүлназия Иденова.