20 шіл, 2020 сағат 17:20

Коронавирустан жазылған науқастар ПТР тапсыруға міндетті емес

Коронавирус симптомдары басылған науқас қайтадан ПТР тестілеу тапсыруға міндетті емес. Бұл туралы елордалық №5 қалалық емхана директоры Алтыншаш Табылдина жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Науқастың дене қызуы түсіп, соңғы үш күнде қайта көтерілмесе, симптомдары азайып, өзге белгілер мазаламайтын болса, қайтадан ПТР тестілеу тапсыруға міндетті емес. Дәрігерлер оны бақылаудан босатады», - деді дәрігер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. 

Спикердің айтуынша, COVID-19 вирусы табылған бірақ симптомы жоқ науқастар 14 күн бойы дәрігерлер бақылауында болады. 

«Егер 14 күнде еш симптом байқалмаса, науқастың жай-күйі жақсы болса, оны бақылаудан аламыз. Одан кейін ПТР тестілеу немесе өзге де тексеру міндетті емес», - деді А. Табылдина.