«Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрайымы Диляра Қайдарова өткен жылдың наурызынан бері онкологиялық ауру бар қанша адамның коронавирустан қайтыс болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен жылдың наурызынан бері шамамен 5 600 онкологиялық ауруы бар науқас COVID-19-ға шалдықты және осы кезең ішінде шамамен 45-і қайтыс болды», - деді Диляра Қайдарова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Онкологиялық науқастардың электрондық тіркелімінің деректеріне сәйкес, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткіші 2020 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 75,5 немесе 14 150 жағдай болды. Өлім-жітімнің төмендеуі 0,7 пайызды құрады. Өлім-жітім құрылымында бірінші орында өкпе обыры, одан кейін асқазан обыры, колоректальды қатерлі ісік пен сүт безі обыры тұр.
«2020 жылы онкологиялық науқастар контингенті 190 159 адамды құрады. Онкологиялық аурулар құрылымында бірінші орында сүт безі обыры - 13,2, екінші орында өкпе обыры – 10,4, үшінші орында колоректалды қатерлі ісік - 9,6 пайыз болып отыр. Ауырғандардың 56 пайызы еңбекке қабілетті жаста», - деді Д.Қайдарова.