04 нау, 2020 сағат 10:40

Коронавирустан қорғанудың ең басты амалы маска тағу емес - профессор

Медициналық масканы тағу ауруға шалдыққан адам мен дәрігерге ғана керек. Бұл туралы коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ДДСҰ және коронавирус бойынша жұмыс істейтін ұйымдар бұл дертен қорғанудың ең басты амалы маска тағу емес екенін айтады. Себебі бұл ауада ұшып жұғатын ауру емес. Ең бастысы - жеке бас гигиенасын дұрыс сақтау керек», - дейді Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі, профессор Динагүл Баешова. 

Оның айтуынша, медициналық маска ауру адам түшкірген кезде сілекейін шашпауы үшін және науқастармен жұмыс істейтін медициналық қызметкерлерге керек.

«Бұл жағдайда қасыңда тұрған адамнан өзіңді кем дегенде екі метр алыс ұстауың керек. Егер ауырған адамға өте жақын тұрсаңыз, сізді медициналық маска құтқармайды. Оны коронавирус инфекциясын алдын алу үшін қолдануға болады. Оңтүстік Кореяда дүкенде кезекте тұрған адамдар медициналық маска таққанымен, бір-біріне өте жақын орналасқан. Өздеріңіз көріп отырғандай, соның салдарынан ауырғандар саны күрт өсіп келеді. Вирус жақын байланыс болған кезде жұғажы. Жасанды дүрлігу жағдайын тудырудың қажеті жоқ», - дейді ол.

Сондай-ақ, профессор коронавирустан сақтану жолдарын айтты.

«Коронавирус 60-70 ыстық температура жағдайында бірден өліп қалады, сол себепті шикі азық-түлік тұтынбаңыздар. Алдымен ыстық сумен жуып алу керек. Қолды жиі жуу қажет», - дейді ол.