Қазақстанда коронавируспен ауырғандар саны ресми деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында министр адамдардың барлығы бірдей ПТР-тестілеумен қамтылмағанын атап өтті.
«Бірақ, тағы да қайталап айтамын, қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесінің алдында барлығын 100 пайыз тестілеу міндеті тұрған жоқ. Өйткені, осы аурудың алғашқы белгілері бар тікелей науқастарға басымдық жасалып отыр. Себебі, оларға көмек көрсетіп, осы кезеңде әрекет ету арқылы вирустың ауыр түрге өтіп кетуіне жол бермеу негізгі мақсатымыз», - деді ол.
Сонымен қатар ол коронавирус инфекциясы симптомсыз өтіп жатқан науқастар жайында айтты.
«Симптомсыз науқастардың көпшілігі ауырмайды. Иә, олар індетті таратуы мүмкін. Бірақ олар 14 күннен кейін сауығып кетеді. Ештеңе мазаламайтын адамдардан тест алудың қандай мәні бар? Біз негізгі басымдық пен қаржыландыруды ең бірінші кезекте, көмекке мұқтаж болып отырған науқастарға жұмсаған дұрыс деп санаймыз», - деді Алексей Цой.