ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов ПТР сынағын тегін тапсыру жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының кез келген азаматы коронавирус инфекциясын жұқтырып алдым деп күдіктенсе, 103 телефонына хабарласа алады. Немесе өзі тіркелген емханаға барып, өз дәрігеріне қауіп туралы айтса, оның ПТР сынағын тегін тапсыру мүмкіндігі бар», - деп жауап берді Б. Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметінде тілші сұрағына.
Оның айтуынша, Қазақстанда 2 млн 600 мың ПТР тестілеу жүргізілген. Оның әр 26-шысы коронавирус инфекциясы бар деген нәтиже көрсеткен.
«Қазіргі уақытта республика бойынша күніне 40 мың тестілеу жасау мүмкіндігі бар. Жыл соңына дейін оның саны 64 мыңға дейін артады», - деді ресми өкіл.