25 қыр, 2020 сағат 15:09

Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина клиникалық сынақтың алғашқы сатысынан өтуде

Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе егу науқаны қашан басталады? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда әлемдік вакциналардың ішінде жылдамдығы бойынша озық шыққаны – Ресей және Оксфорд екпесі. Өкінішке қарай, Оксфорд вакцинасын сынау барысында адам ағзасына кері әсер ететін бір белгі анықталды. Осының салдарынан оны зерттеу жұмыстары тоқтап қалды. Ресейлік вакцина клиникалық сынақтың үшінші сатысынан өтуде. Оған 10 мыңдаған адам қатысып жатыр. Бұл – екпе процесі емес, клиникалық зерттеу сатысы. Осыны шатастырмау керек», - деді Бағдат Қожахметов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, қазақстандық вакцина да өте жақсы нәтиже көрсетіп отыр. 

«Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшыларынан құралған топ Жамбыл облысындағы зертхананы көріп қайтты. Әзірге қазақстандық вакцина клиникалық сынақтың алғашқы фазасынан өтіп жатыр. Алдағы айларда атқаратын қауырт жұмыс көп. Бұл бағыттағы істі жалғастырамыз», - деді ол.