18 мам, 2020 сағат 13:45

Коронавирусқа байланысты ахуал: Қазақстан өңірлері 3 топқа бөлінді

Бір апта ішінде коронавирусқа шалдыққандардың 14 пайызы індетті шет елдерден жұқтырып келген. Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бір апта ішінде тіркелген коронавирус жұқтыру жағдайларының 14 пайызы - сырттан келген. Вирус негізінен Ресей Федерациясынан келіп жатыр. Өзбекстан мен Қырғызстаннан да аздаған деректер бар», - деді ол «Денсаулық министрлігі хабарлайды...» бағдарламасы барысында. 

Оның атап өтуінше, коронавирусқа қатысты еліміздің өңірлері 3 топқа бөлінген. Бірінші топқа апта ішіндегі вирус жұқтыру жағдайының өсімі 7 пайыздан асатын өңірлер кіреді. Олардың қатарында Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Түркістан және Жамбыл облыстары бар. 

«Екінші топқа COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай 7 пайыздан кем өңірлер кіреді. Олар: Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Бұл өңірлерде 7 күннің ішінде 553 жағдай тіркелді. Үшінші топ вирусқа шалдығу өсімі 5 пайыздан аспайтын - Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары кіреді», - деді комитет басшысы.