Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавирус жұқтырған қазақстандықпен бір бортта болған 14 азаматтың қай өңірлерге тарап кеткенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Олар сау азаматтар. Олар коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғандар. 14 азаматымыз өңірлерге тарап кеткен. Олар барған жерінде анықталып, стационарларға оқшауланды. Олар Алматы, Атырау, Степнагорск және Қарағанды қалаларында», - деді Сәуле Қисықова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетсек, 14 наурызда елордада өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда екі адамның коронавирус жұқтырғанын жеткізген еді. Көп уақыт өтпей Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға келген тағы бір қазақстандықтан коронавирус инфекциясы табылды.
Кейін Германиядан ұшып келген Қазақстан азаматынан коронавирус анықталды.
Ал бүгін тағы екі азаматтың осы дертті жұқтырғаны белгілі болды. Осылайша бұл дертке шалдыққандар саны 6 адамға жетіп отыр.