1,1 мыңнан астам медицина қызметкері COVID-19 инфекциясын және пневмонияны жұқтыруына байланысты төлем алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
COVID-19-бен күресуге тартылып, коронавирус инфекциясын немесе вирустық пневмонияны жұқтырған 1111 медицина қызметкері мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы әлеуметтік төлемді алды. Сондай-ақ, МӘСҚ аурудың салдарынан қайтыс болған 8 медицина қызметкерінің туыстарына төлем аударды.
Өтінім жинақтауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады, одан кейін өтінім электрондық іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беріледі, кейін төлем тағайындау үшін қорға жіберіледі.
1 қыркүйек сағат 9.00-дегі жағдай бойынша COVID-19 немесе вирустық пневмония жұқтырған 1111 медицина қызметкерінің өтініші бойынша және аурудың салдарынан қайтыс болған 8 медицина қызметкерінің өтініш бойынша ақшалай қаражат тағайындалып, төленген.
Өңірлер бөлінісінде медицина қызметкерлеріне COVID-19 немесе вирустық пневмонияны жұқтыру жағдайына төлемдердің ең көп саны Нұр-Сұлтан (176) және Алматы қалаларынан (128), Алматы (96), Ақмола (88) және Атырау облыстарынан (79) жүргізілді.
Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда көрсетілген төлем:
– коронавирус немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн теңге;
– COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырғаннан, вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн теңге көлемінде төленеді.