Өңірлерде COVID-19 жаңа жағдайлары өсіп барады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«21 қазандағы жағдай бойынша, 109 766 науқас тіркелді. Оның ішінде 105 301 науқас сауығып шықты. 2 662 адам емделуде. Соңғы тәулікте COVID-19-дың оң нәтижесімен 143 адам тіркелді. Барлығы 1 803 адам қайтыс болды. COVID-19-ға ПТР-талдауы теріс 36 200 ықтимал жағдай тіркелді. Оның ішінде 29 318 адам сауығып шықты. 7 494 науқас емделуде. 388 адам қайтыс болды. Соңғы тәулікте 220 жағдай тіркелді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар вице-министрдің айтуынша, соңғы аптада ел өңірлерінде COVID-19 індетінің артуы байқалады.
«Өткен аптамен салыстырғанда 12 өңірде өсу есебінен 1,2 есеге артты. Науқастардың ең көп саны Нұр-Сұлтанда - 125, Шығыс Қазақстанда - 95, Алматы қаласында - 79, Павлодар облысында - 79 , Солтүстік Қазақстан облысында - 74, Қарағанды облысында - 69, Атырау облысында 58 жағдай тіркелді. Бұл жалпы сырқаттанудың 74 пайызын құрады», - деді Ажар Ғиният.