Қазір халық арасында коронавирустан кейін шаштың түсуі жиілейді деген пікірлер кездеседі. Осы орайда аталған тақырып төңірегіндегі сауалдарға бас терісі ауруларын емдеумен айналысатын трихолог дәрігер Делнұр Қамбарова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы уақытта біздің орталыққа шаш түсуі мәселесімен емделуге келетіндер көбейді. Бұл кездейсоқ жағдай емес. Себебі коронавируспен ауырған науқастарда шаштың түсуі жиі кездеседі. Індет организмдегі түрлі вирустарға қарсы тұратын иммундық жүйені жойып жібереді. Сондай-ақ, ағзадағы ұсақ тамырларды зақымдайды. Яғни, капилляр тамырларда тромбоз (қан айналымының баяулауы) пайда болады. Ал шаш негізгі қорегін осы ұсақ тамырлар арқылы алады.
Біздің күнеделікті ішетін тағамдардың құнары қан құрамына түсіп, бірінші ретте жүрек, бүйрек және өкпеге бағытталады. Ал одан қалған қан құрамындағы нәрлі заттар ұсақ тамырлар арқылы бас терісіне барады.
Ал коронавирусқа шалдыққандардың қаны ұйып, салдарынан капилляр тамырлар бітеледі. Осы кезеңде шаш қажетті қорегін ала алмайды. Бұл шаштың ерте түсуіне алып келеді», - дейді Делнұр Абдукахарқызы.
Трихолог маманның айтуынша, коронавирустан емделіп шыққан науқаста шаштың түсуі 3-5 айдан соң басталады.
«Елімізде коронавирус инфекциясы маусым-шілде айларында өршіді. Осы аралықта індетке шалдыққан адамдар шаш түсуінің жиілегенін тек енді байқап жатыр. Бұл дерт жас ерекшелігіне қарамастан көбінде кездеседі.
Дегенмен, қобалжудың қажеті жоқ. Себебі коронавирус салдарынан пайда болған шаш түсу ауруы емделеді. Тек дер кезінде дәрігер көмегіне жүгінсеңіз болғаны. Мамандар кешенді ем арқылы қан айналымын реттеп, дұрыс тамақтану жолдарын ұсынады.
Қазір бойында қоректік заттары мол тағамдарды тұтынған жөн. Құрамында қанты бар газдалған сусындардан бас тарту керек.
Өйткені мұндай сусындардың құрамындағы зиянды заттар тамырды бітеп, қан айналымы жүйесін бұзады. Сонымен қатар, фастфуд және жартылай дайын өнімдерден де бас тартқан абзал.
Керісінше қой етін және сүт өнімдерін жиі тұтынғанымыз дұрыс. Індеттен қорқып, күйзеліске түсудің қажеті жоқ. Себебі стресске бой алдырған адамның бас терісіндегі ұсақ тамырлары қалыпты жұмыс істеуін тоқтатады» , - деп атап өтті Делнұр Қамбарова.
Дәрігер пікірінше, таза ауада серуендеп, дене шынықтыру жаттығуларын жасау қан айналымын реттеуге көмектеседі.
Сондай-ақ Д дәруменін қолдану иммундық жүйені қалыпқа келтіруге ықпал етеді.
Дегенмен мамандар үйде өз бетінше ем алмай, бірінші кезекте дәрігер көмегіне жүгінуге кеңес береді.